Сейсенбі, 16 қыркүйек, 11:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№70, 2183
16.09.2025
PDF мұрағаты

Қазақстан үш жылда цифрлық елге айналуы тиіс

16.09.2025

52 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық трансформациясына қатысты өте маңызды стратегиялық мақсат қойды – алдағы үш жыл ішінде Қазақстан міндетті түрде толық цифрлық мемлекетке айналуы керек.

«Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Бұл – еліміздің болашағы мен халқымыздың тағдыры шешілетін аса маңызды міндет. Президент цифрлық дәуірде Қазақстанның бәсекеге қабілетті болуы үшін басқа жолдың жоқ екенін айтты. Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанын айтты. Бұл жаһандық үрдіске дайын болып, оған батыл бейімделу қажет. Осыған байланысты елді цифрландыру бағытында жедел әрі жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. Ең алдымен, Тоқаев цифрлық реформалардың құқықтық негізін қамтамасыз ету үшін Цифрлық кодексті тезірек қабылдау керек екенін мәлімдеді. Бұл жаңа заң цифрландыру үдерісінің барлық негізгі бағыттарын – жасанды интеллекті қолданудан бастап, платформалық экономика мен үлкен мәліметтерді пайдалануға дейін – нақтылауға тиіс.Сонымен қатар, Президент мемлекеттік басқаруды технологиялық тұрғыда қайта құрып, оны азаматтардың мүддесіне сай тиімді жұмыс істейтін жүйеге айналдыру қажеттігін айтты. Осы мақсатта ол Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы бастама көтерді. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі білікті маман басқаруы керектігін де атап өтті. Үкіметке экономиканың барлық секторларына жасанды интеллектіні жаппай енгізу арқылы жаңғырту жұмысын жеделдету тапсырылды. Тоқаевтың пікірінше, атқарушы билік заманауи технологияларды кеңінен қолданып, жұмысты жаңа тәсілмен ұйымдастырғанда ғана Қазақстан жаһандық бәсекелестікке төтеп бере алады.

Президент Жолдауында жаңа инновациялық қала Alatau City жобасына да айрықша тоқталды. Бұл қала еліміздің және бүкіл өңірдің жаңа іскерлік әрі инновациялық орталығына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Алатау қаласының өңірдегі тұңғыш толық цифрлық қала болатынын атап өтті. Онда Smart City технологиялары қолданысқа еніп, күнделікті тұрмысқа цифрлық шешімдер кеңінен қолданылмақ. Тіпті тауарлар мен қызметтер үшін криптовалютамен төлем жасау мүмкіндігі қарастырылады. Жаңа Alatau City еліміздің инновациялық брендін қалыптастыратын, шетелдік инвестициялар тартатын тартымды орталық және ең бастысы – келешек ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашатын айрықша жоба болмақ.

Рүстем Ізтілеуов,

Қызылорда қалалық мәслихат депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: