Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров әлеуметтік осал топтарға арналған ипотекалық тұрғын үй квотасын 70%-дан 50%-ға дейін төмендету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, көптеген азаматтар жеңілдетілген шарттар болғанның өзінде тұрғын үйді сатып ала алмай отыр, – деп хабарлайды kursiv.media
Депутат бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында айтты. Аталған мәселені Мәжіліс депутаттарының Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында сайлаушылар көтерген.
Мұқаш Ескендіровтің мәліметінше, Жамбыл облысында коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57 434 азамат тіркелген. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жалдамалы тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлініп, 1 425 пәтер алынған. Алайда заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл пәтерлерді үлестіру процесі баяулаған.
Депутаттың айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу функциясының «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне» берілуі және деректердің электрондық форматта жаңартылуы бірқатар қиындықтар туғызған.
«Бүгінгі күні коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тұрған 57 434 азаматтың небәрі 10 пайызының деректері түзетулер енгізіліп жаңартылған», – делінген депутат мәлімдемесінде.
Сонымен қатар депутат ипотекалық тұрғын үйлерді сату тәртібіне де назар аударды. Қолданыстағы талапқа сәйкес, тұрғын үйлердің кемінде 70%-ы әлеуметтік осал топтарға, 20%-ы жетім балаларға, ал 10%-ы өзге кезекте тұрған азаматтарға берілуге тиіс.
Алайда бұл талаптың орындалуы пәтерлердің дер кезінде сатылуына кедергі келтіріп отыр. Мысалы, 2025 жылы Тараз қаласында сатылымға шығарылған 706 пәтердің тек 588-і ғана өткізілген. Себебі азаматтардың төлем қабілеті расталмаған.
Биыл Тараз қаласында 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Заңнамаға сәйкес, оның 70%-ы немесе 895 пәтері әлеуметтік осал топтарға ұсынылуы тиіс. Депутаттың пікірінше, бұл былтырғы жағдайдың қайталануына әкелуі мүмкін.
«Осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмен болуы пәтерлердің уақытылы сатылмауына әкеліп, жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыз борыштарын мерзімінде өтеуіне кері әсерін тигізеді», – деп атап өтті Мұқаш Ескендіров.
Осыған байланысты депутат салалық министрдің бұйрығына өзгерістер енгізіп, әлеуметтік осал топтарға берілетін тұрғын үй квотасын 70%-дан 50%-ға дейін төмендету немесе ипотекалық қарыз беру шарттарын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Айта кетейік, қазақстандықтар енді «Отбасы банктен» басқа да банкте тұрғын үй жинағын ашып, баспанаға ақша жинай алады. Өйткені коммерциялық банктерге де тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға рұқсат берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
