Қазақстанда аноним Telegram-арналарының иелері өздері туралы ақпаратты ашық көрсетуге міндеттелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жарнама және онлайн платформалар туралы заңдарға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын жариялады. Бастамаға сәйкес, 5 000-нан астам жазылушысы бар аноним Telegram-арналарының иелері өзінің жеке басы туралы ақпаратты ашық көрсетуге міндеттеледі.
Өзгерістер заңға қайшы контентке қатысты жауапкершілікті де күшейтеді. Сондай-ақ онлайн платформалар мен байланыс операторлары кибербуллинг, жала жабу және қорлау секілді тыйым салынған ақпараттарды шектеуге міндеттеледі.
Үлкен аудиториясы бар есімсіз (аноним) пайдаланушылар үшін арнайы тізім жасалып, ондағы деректер мемлекеттік органдарға ұсынылады.
Құжат “Ашық НҚА” порталында жарияланды, 29 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылауда болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
