Осы аптада еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде, жергілікті атқару органдарында және спорт саласында маңызды кадрлық ауыс-түйіс болды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Апта басында Елнұр Бейсенбаев ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев 1986 жылы 27 маусымда Кентау қаласында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетін бітірген.
Еңбек жолын «Жастар үні» Жастар қоғамдық ұйымында маман ретінде бастап, кейіннен 2009 жылы төраға болды.
2012-2015 жылдары тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат жөніндегі хатшы қызметтерін қоса атқарды.
2016 жылдан 2017 жылға дейін Алматы қаласы әкімдігінің жастар жобалары және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымдарында еңбек етті.
2017 жылдан 2018 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие жұмысы департаментінің директоры болды.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі.
2020 жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы.
2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін — Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2023 жылғы қаңтардан 2023 жылғы тамыз — «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы.
2023 жылдың наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін — Сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі болған.
Ғабит Мұқанов Астана қаласының прокуроры лауазымына тағайындалды.
Ғабит Мұқанов еңбек жолын Алматы облысы Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі ретінде бастады.
Әр жылдары Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры, Астана қаласы прокуратурасының Аппарат басшысы-басқарма бастығы, Астана қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Кадрлық дамыту департаментінің бастығы лауазымдарын атқарды.
2021 жылғы тамыздан Шымкент қаласының прокуроры лауазымында қызмет етті.
Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Таласбек Қанафин ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Таласбек Қанафин 1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласында «Астықжан-Қарағанды» ЖШС-нің жүйелік әкімшісі болып бастаған.
2009 жылдан 2016 жылға дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ құрылымында бас маманнан бастап жетекші инженер, жоба жетекшісіне дейін әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2017–2019 жылдары — ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» ШЖҚ РМК Ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы, бас директорының орынбасары. 2019–2024 жылдары — ҚР Сыртқы істер министрлігінің құрылымында Әкімшілік жұмыс және бақылау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушыдан бастап Цифрландыру департаменті директорының орынбасарына дейінгі әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2020 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры қызметін атқарған.
Энергетика министрлігі аппаратының басшысы лауазымына Айдын Жұмабекұлы Ашуев тағайындалды.
Айдын Ашуев 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, «Қаржы академиясы» АҚ бітірген.
Еңбек жолын 1995 жылы «Ақжол» ЖШС менеджер болып бастаған.
1999-2003 жылдары аралығында ҚР Статистика агенттігінде түрлі қызметтерді атқарған.
2003-2005 жылдары — «Сараптық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ бас маман, Басқарма төрағасының көмекшісі.
2006-2007 жылдары — ҚР Әділет министрлігі «Зияткерлік меншік ұлттық институты» РМҚК құрылымында басшылық қызметтерді атқарған.
2007-2009 жылдары аралығында «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ және «Қазагрогарант» АҚ жұмыс істеген.
2009-2011 жылдары — ҚР ТЖМ «Резерв» РМК бас директорының орынбасары, «ҚР Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК директоры.
2011-2014 жылдары — ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары.
2016-2018 жылдары — «Амангелді Газ» ЖШС қаржы және экономика бас директорының орынбасары.
2019-2021 жылдары Мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасы, Қазынашылық комитетінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторының м. а. қызметтерін атқарған.
2022-2023 жылдары — «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ басқарма төрағасы.
2025 жылдың шілдесінен осы уақытқа дейін ҚР энергетика министрінің кеңесшісі қызметін атқарған.
Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы лауазымына Бауыржан Әбжанов тағайындалды.
Бауыржан Әбжанов 1968 жылы 10 сәуірде Ақмола облысында дүниеге келген. 1990 жылдан бастап Қазақстанның ішкі әскерлері мен Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарды, взвод командирінен бастап басшылық лауазымдарға дейін көтерілді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығын және Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясын басқарды.
Бұл тағайындауға дейін ол ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары лауазымын атқарған. Генерал-майор атағын иеленген.
Спорттық тағайындау бойынша Нұрсұлтан Теміров әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.
Қазақстан күрес федерациясынан мәлім еткеніндей, Нұрсұлтан Теміров еңбек жолын 2014 жылы бастады.
Әр жылдары жасөспірімдер және жастар құрамасының, сонымен қатар ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы қызметін атқарған. Үш жыл бойы әйелдер күресінен мемлекеттік жаттықтырушы болып еңбектенді.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрсұлтан Теміров — әлем чемпионатының 4 дүркін жүлдегері Жәмилә Бақбергенова және басқа спортшылардың жеке бапкері.
Өңірлер бойынша, Елдос Сағиев Шымкент қаласының прокуроры лауазымына тағайындалды.
Елдос Сағиев Прокуратура органдарындағы қызметін Ақмола облысы Шортанды ауданы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған.
Әр жылдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Қостанай және Маңғыстау облыстары бойынша департаменттерінде, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.
2022 жылғы тамыздан Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау қызметінің бастығы болды.
Қызметтегі жоғары жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ІІ дәрежелі «Айбын» және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталған.
Түркістан облысының Білім басқармасының басшысы қызметіне Ғалымжан Орынов тағайындалды.
Ғалымжан Қалдыкөзұлы 1975 жылы 16 қазанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген, қазақ, білімі жоғары.
Қазақ Тұтыну кооперация институтын және Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, заңгер. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясында Syracuse University (АҚШ) базасында мемлекеттік саясат және мемлекеттік басқару салалары бойынша білімін жетілдірген. Экономика ғылымдарының магистрі. Халықаралық және ұлттық кәсіби біліктіліктерге ие: ACCA (Ұлыбритания) аясында халықаралық аудит және мемлекеттік сектор аудиті, сондай-ақ «Мемлекеттік аудитор» сертификаты.
Еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық Салық инспекциясында бастаған. Әр жылдары аудандық және облыстық деңгейдегі салық органдарында инспектор, аға инспектор, бас маман, бөлім басшысы, салық комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
2007-2011 жылдары Кентау қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы, кейін Салық басқармасының бастығы болды. 2011-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болып еңбек етті.
2018-2019 жылдары Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппаратында қаржылық және ұйымдастыру бағытындағы басқармаларды басқарды.
2019-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, ал 2022-2025 жылдары Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарды.
2025 жылғы наурыз-шілде айлары аралығында Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болды. Осы уақытқа дейін Түркістан облысының Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарып келген.
«Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директоры болып Қуанбек Шәкірұлы Биғалиев тағайындалды.
Қуанбек Биғалиев 1968 жылы дүниеге келген. 1992 жылы Алматы энергетикалық институтын «Өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша, 2004 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Маңғыстау монтаждау-реттеу басқармасының Жетібай учаскесінде инженер-реттеуші болып бастады.
Әр жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ құрылымдарында инженер-реттеуші, қабат қысымын ұстап тұру цехының бастығы, бас инженер, «Өзенэнергомұнай» басқармасының директоры қызметтерін атқарды.
Бұл лауазымға тағайындалғанға дейін «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
