Жексенбі, 08 ақпан, 17:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (2222)
07.02.2026
PDF мұрағаты

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

08.02.2026

71 0

Фото: Gov.kz

Осы аптада еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде, жергілікті атқару органдарында және спорт саласында бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйіс болды, – деп хабарлайды KAZINFORM

Апта басында ҚР Президентінің кеңесшісі — Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымына Әсет Ерғалиев тағайындалды.

Үкімет қаулысымен ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі қызметіне Бахтияр Мұхаметқалиев тағайындалды.

Бахтияр Абайұлы Мұхаметқалиев 1990 жылы 1 шілдеде Алматы облысы Бостандық ауданында дүниеге келген. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Алматы қаласында «Қазпошта» АҚ-да бас маман болып бастаған.

2010–2020 жылдар аралығында «Қазпошта» АҚ-да бас маманнан АТ-инфрақұрылым жөніндегі атқарушы директор және E-commerce департаментінің директорына дейін түрлі қызметтер атқарған.

2021–2022 жж. — «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарушы директоры.

2022–2023 жж. — ҚР Премьер-министрінің Кеңсесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

2023–2025 жж. — ҚР Үкіметі Аппаратының Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

2025 жылдың мамыр айынан қазіргі күнге дейін — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры болған.

Кәсіпкер Райымбек Баталов Қазақстан Президентінің кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Райымбек Баталов 1970 жылғы 21 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ сәулет-құрылыс академиясын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1990 жылдардың басынан бастап экономика секторында еңбек етті. Әр жылдары металлургия, химия өнеркәсібі, энергетика және агроөнеркәсіп салаларында басшылық қызметтер атқарды.

Атап айтқанда, «Риддер Инвест» металлургиялық кешенін, Жаңа Жамбыл фосфор зауытын, Тобыл элеваторын, Меркі қант зауытын, Шымкент ЖЭО-3 нысанын басқарған.

1992 жылы «Райымбек» сауда фирмасын құрып, кейін ол Raimbek Group атты көпсалалы холдингке айналды.

Ол жылдар бойы елдегі іскерлік күн тәртібін қалыптастыруға белсенді араласты:

2002 жылдан — Қазақстан кәсіпкерлері форумының кеңес төрағасы

2005 жылдан — ШЫҰ Іскерлік кеңесінің қазақстандық бөлігінің жетекшісі

2007 жылдан — Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі

2009 жылдан — Су асты спорты федерациясының президенті

2010 жылдан — Премьер-министр жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі

2012 жылдан — ЕЭК консультативтік комитетінің тәуелсіз сарапшысы

2015 жылдан — ENACTUS Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы

2017 жылы — Азия велоспорт конфедерациясының вице-президенті болып сайланды

2022 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі, «Атамекен» ҚР ҰКП президиумының төрағасы міндетін атқарған, сондай-ақ Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» президиумының төрағасы болған.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Айқожа Әбсадықов ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры болып тағайындалды.

Айқожа Әбсадықов 2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне «Инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп және сауда саясаты» бағыты бойынша қабылданған. Ол 1993 жылғы 6 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Nazarbayev University (экономика бакалавры, мемлекеттік басқару магистрі) түлегі. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» Экономикалық интеграция департаментінің сарапшысы, Басқарма төрағасының кеңесшісі, Өнеркәсіп және бәсекеге қабілеттілік департаментінің сарапшысы ретінде бастаған.

2018 жылдан бастап — «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ Деректерді талдау және өңдеу орталығының директоры.

2019 жылдан бастап — Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офисінің аға менеджері.

2022 жылдан бастап — «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Сатып алуларды жинақтап талдау және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің бас менеджері.

2023 жылдан бастап — «Қазақтелеком» АҚ филиалы Корпоративтік бизнес дивизионының Әдіснама және процестер департаментінің директоры, Жобаларды дамыту департаментінің директоры.

2024 жылдан бастап — «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Сатып алуларды жинақтап талдау және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің сарапшысы, бас менеджері.

2026 жылғы 2 ақпаннан бастап — Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры.

ҚР Бас прокурорының орынбасары лауазымына Ерлан Өтегенов тағайындалды.

Ерлан Өтегенов 1976 жылы туған, білімі жоғары, Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтаған. Еңбек жолын 1998 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған. Прокуратура органдарында бірқатар басшылық лауазымдар атқарған.

Атап айтқанда Ақмола облысы Целиноград және Егіндікөл аудандарының прокуроры, Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша басқармасының бастығы, Бас Прокурор Аппаратындағы Бас Прокурордың аға көмекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары болған.

2022 жылғы мамырдан Астана қаласының прокуроры болып қызмет етеді. Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Ал Нұрдәулет Сүйіндіков Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Нұрдәулет Мықтыбекұлы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы прокурорының аға көмекшісі ретінде бастаған. Әр жылдары Бас прокуратураның бөлім бастығы, Бас прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі, Департамент бастығының орынбасары — Бас прокуратураның ресми өкілі, Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуроры, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары, Стартегиялық даму департаментінің бастығы, Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы болды.

Кейінгі екі жыл Активтерді қайтару комитетінің төрағасы лауазымында қызмет істеді. Қызметтегі жоғары жетістіктері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Сондай-ақ бұл аптада белгілі спортшы Серік Сәпиев Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі — жазғы XX Азия ойындарына дайындық штабының спорттық блогының үйлестірушісі болып тағайындалды.

Серік Сәпиев — бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің президенті.

Штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері және спорт саласының ардагерлері енді. Олар дайындықтың әрбір кезеңін пысықтап, қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, биылғы жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Оның 217-сі ерлер арасында, 204-і әйелдер арасында, ал 39-ы аралас санатта ойнатылады. Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері енген.

Спорттық тағайындау бойынша Үстел теннисінен Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері қызметіне Әсет Сағымбаев тағайындалды.

Әсет Сағымбаев Таиланд, Үндістанда өткен жастар арасындағы Азия чемпионаты, Германия мен Жапонияда болған әлем чемпионатында бақ сынаған. Спорттық мансабында ол Қазақстан чемпионаты, республикалық спартакиада, халықаралық турнирлерде медаль жеңіп алды.

Қазірге дейін тәжірибелі маман Ақтөбе облысы құрама командасының аға бапкері қызметін атқарды.

Алдағы уақытта ел құрамасын көптеген халықаралық және республикалық жарыстар күтіп тұр.

Англия астанасы Лондон қаласында 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында өтетін үстел теннисінен командалық әлем чемпионатында қазақстандық спортшылардың қарсыластары анықталды. Бұл Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) және әлем чемпионатының 100 жылдығын тарихи мерекелеудің басталуына тұспа-тұс келіп отыр.

Еліміздің ерлер құрамасы 11 топта Мысыр, Таиланд, Түркиямен сынға түссе, әйелдер құрамасы 5 топта Бразилия, Чехия, Моңғолиямен кездеседі.

Турнирде жеребе нәтижесі бойынша қазақстандықтардың қарсыластары анықталды. Ерлер арасында еліміздің құрамасы 11 топта Мысыр, Таиланд, Түркиямен сынға түссе, еліміздің әйелдер құрамасы 5 топта Бразилия, Чехия, Моңғолиямен кездеседі.

Еркін күрестен Қазақстан 20 жасқа дейінгі жастар құрамасының аға бапкері қызметіне Дәулет Ниязбеков тағайындалды.

Дәулет Шораұлы — еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі тәжірибелі спортшы. Ол ұзақ жылдар бойы ел намысын абыроймен қорғап, Олимпиада ойындарына (Лондон-2012, Токио-2020) қатысқан. Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы.

Дәулет Ниязбеков бозкілемде балуандықпен қатар бапкерлікті алып жүрген еді. Бапкерлік қызметте 13 жылдан астам тәжірибе жинақтаған маман әр жылдары балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, ұлттық құрамада, күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығында жұмыс атқарған.

Өңірлер бойынша, Алматы қаласының Түрксіб ауданының әкімі қызметіне Дамир Әкежанов тағайындалды. Бұған дейін ол Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

Дамир Әкежанов 2002 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы, ал 2008 жылы «қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2002 жылы сыртқы экономикалық байланыстар саласында бастаған. Әр жылдары Алматы әкімдігінің құрылымдарында, соның ішінде кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестиция мәселесіне жетекшілік ететін департаменттер мен басқармаларда, сондай-ақ аудан әкімдерінің аппараттарында жұмыс істеген. Басшылық қызметтер атқарып, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары болған.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарған. Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 16 жылдан асады.

Петропавл қалалық полиция басқармасын полиция подполковнигі Серік Әлжанов басқарады.

Серік Әлжановтың ішкі істер органдарында 23 жылдық еңбек өтілі бар. Ол ҚР Ішкі істер министрлігі академиясының Заң институтының түлегі. Қызмет жолын тергеуші ретінде бастап, жедел уәкіл болып жұмыс істеген. 2013 жылдан бастап басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасын басқарды.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы болып Қожаев Мұхтар Жұмабайұлы тағайындалды.

Мұхтар Қожаев 1977 жылы туған. Полиция генерал-майоры. 1999 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы заң институтын бітірген. 1999 жылы Маңғыстау облысы Ішкі істер бас басқармасының Ақтау қалалық ішкі істер басқармасына тергеуші болып тағайындалды.

2001 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ақтау қалалық ішкі істер басқармасында анықтау және тергеу басқармаларының басшысы лауазымын иеленді.

2010 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің аудандық полиция бөлімдері мен басқармаларының бастығы болды.

2012 жылы — Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу комитеті Аймақтық бақылау және алдын ала тергеуді ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары.

2017 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаменті Алдын ала тергеуді аймақтық бақылау басқармасының бастығы.

2018 жылы Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

2018 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Тергеу департаменті бастығының орынбасары.

2023 жылғы желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Тергеу департаменті бастығы.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры болып Наурызбай Байқадамов тағайындалғаны белгілі болды.

Ол 1967 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1991 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын тарих және француз тілі мамандығы бойынша бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Еңбек жолын 1991 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы № 139 мектептің мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің мемлекет, құқық теориясы және тарихы кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, меңгерушісі, осы университет жанындағы колледж директоры, «Nur Otan» ХДП Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды.

Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болды.

«AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалына, Қызылорда облыстық мәслихатына жетекшілік жасады. 2024 жылдан бастап бүгінге дейін Парламент Сенатының депутаты болды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: