Әділет министрлігі зияткерлік меншік мәселелері бойынша жаңа заңнамалық түзетулердің күшіне ену мерзімін және авторларға арналған цифрлық платформаның іске қосылу кезеңдерін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы 2025 жылдың қараша айының соңында қол қойған заңға сәйкес, 25 қаңтардан бастап зияткерлік меншік саласындағы жаңа ережелер өз күшіне енеді. Құжаттың басты жаңалығы – құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы бірыңғай цифрлық платформаның құрылуы.
Платформа не үшін қажет?
Бірыңғай цифрлық платформа нарықтың барлық қатысушылары үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Оның көмегімен:
- Шарттар жасасудан бастап авторларға қаламақы бөлуге дейінгі барлық процестер ашық болады;
- Шығармалардың (ән, видео, мәтін және т.б.) интернетте және басқа да орталарда қалай қолданылып жатқанын бақылауға мүмкіндік туады;
- Төлемдерді қадағалап, тиісті хабарламаларды алып отыруға жағдай жасалады.
«Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу үш кезеңде жүзеге асырылады және 2027 жылдың қаңтарында толық аяқталады», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Платформаның ресми таныстырылымы 2026 жылы өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар жаңа заң аясында авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуына мемлекеттік бақылау күшейтіліп, тауар белгілерін тіркеу мерзімі 3 айға дейін қысқартылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
