Қазіргі баланың бос уақыты аулада асыр салып ойнаумен емес, әлеуметтік желідегі видеоларды сағаттап сырғытумен өтеді. Бүгінде елімізде әлеуметтік желілердің баланың психикалық дамуына, ұлттық құндылықтарды түсінуіне және мінез-құлқына әсер етуі алаңдаушылық тудырып отыр. Сол себепті 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін реттейтін заң жобасы әзірленді, деп жазады Egemen.kz.
Заң жобасы және оның мақсаты
Жуырда талқыға түскен «Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында 16 жасқа дейінгі балалардың TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформаларға тіркелуіне тыйым салу қарастырылған. Егер құжат қабылданса:
- TikTok, Instagram, YouTube секілді платформаларда;
- сондай-ақ кез келген интернет-платформада балалардың тіркелуі заң жүзінде шектеледі. Тек мессенджерлерге ғана ерекшелік қарастырылған.
Бұл шара «зиянды контент көлемін азайтып, балаларды онлайн ортадағы қауіптен қорғауға бағытталған». Заң жобасы 4 желтоқсанда «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желінің «тәрбиеші» рөлі ата-ананың өзін алмастырып барады.
«Кішкентай ұлыммен серуендеп жүріп байқағаным – ауланың балаларының көбінің қолында смартфон бар. Олардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4,5 және 6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы деп айтуға болады», деді Аймағамбетов.
Депутаттың сөзінше, әлеуметтік желілердің алгоритмдері бала назарын ұзақ ұстап тұру үшін арнайы жасалған. Бұл «цифрлық ойын автоматына» ұқсайды.
«Қазір ашық қолжетімділікпен әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық, кибербуллинг сияқты мазмұндағы ақпарат көп. Бұл қалыптасу үстіндегі бала психикасына тікелей әсер ететін фактор», деді ол.
Аймағамбетов бұл мәселе тек Қазақстанға тән емес екенін айтады. Қытайда балаларға арналған қосымшаларға қатаң шектеулер бар:
- Экран уақыты шектеулі;
- Түнгі уақытта қолжетімділік автоматты түрде тоқтайды;
- Тек білім беретін контент ұсынылады.
Көптеген елдерде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі ата-ананың рұқсатымен ғана жүзеге асады, жас шектеулері де нақты: 13, 15 немесе 16 жас.
Техникалық тұрғыдан «балаларға ғана» шектеу қою мүмкін бе?
CyberX компаниясының бас директоры, ақпараттық қауіпсіздік маманы Батыржан Шақманов Қазақстандағы бастаманың техникалық орындалу мүмкіндігін бірнеше қырынан түсіндірді. Оның айтуынша, елімізде әлеуметтік желілерді бұғаттауға қажетті барлық негізгі техникалық құралдар бар.
«Техникалық тұрғыдан белгілі бір деңгейде шектеу енгізу мүмкін. Қазақстанда IP және домен деңгейінде блоктау, трафикті баяулату (throttling), DPI сияқты құралдар бұрыннан қолданылады. Яғни, «TikTok немесе YouTube-ты толық өшіру» – техникалық жағынан орындалатын нәрсе», дейді сарапшы.
Алайда сарапшы белгілі бір жас санатына ғана шектеу қою қиындық тудыратынын атап өтті.
«Бірақ тек 16 жасқа дейінгі балаларға ғана шектеу қою – өте күрделі механизм. Байланыс операторлары немесе интернет-провайдерлер трафик арқылы қолданушының жасын көре алмайды. Ол үшін SIM-карта иесінің жасын есепке алып, балаларды бөлек санат ретінде фильтрлеу керек. Бұл – үлкен техникалық өзгерістер және қателік қаупі жоғары процесс», дейді Шақманов.
Оның айтуынша, елдің инфрақұрылымы жалпы фильтрацияға дайын болғанымен, нақтылық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету әлдеқайда қиын міндет.
Жас ерекшелігін қалай анықтауға болады?
Әлемдік тәжірибеде қазір үш негізгі әдіс бар:
1. Құжат арқылы верификация
Сарапшы бұл тәсілді ең сенімді шешімдердің бірі деп атайды.
«Құжат верификациясы – ең сенімді әдістердің бірі. Пайдаланушы жеке куәлік фотосын және селфи жүктейді, жүйе сәйкестігін тексереді. Бірақ бұл тәсілдің басты қаупі – жеке деректердің платформалар серверінде жиналуы. Егер база бұзылса, салдары өте ауыр болады», дейді ол.
2. Биометриялық жас анықтау
«Ыңғайлы, құжатсыз орындалады, бірақ дәлдігі орташа. 14-17 жас аралығында қате жиі кездеседі. Сонымен қатар биометрияның өзі – өте сезімтал дерек, оны сақтау да үлкен тәуекел», деп түсіндірді маман.
3. SIM-картаға байлау
Сарапшы мұның Қазақстан үшін ең қисынды нұсқа екенін айтады.
«Оператор ЖСН арқылы адамның жасын біледі, сол арқылы әлеуметтік желілерге шығуды шектеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде үлкен проблема бар: SIM әрқашан нақты пайдаланушыға тиесілі емес. Баланың қолындағы телефон ата-анасының атына тіркелуі мүмкін – бұл жүйені шатастырады», дейді Шақманов.
Платформаларды қалай шектеуге болады?
Сарапшының айтуынша, Қазақстан қолдана алатын техникалық құралдар бар:
- IP немесе домен блоктау;
- DPI арқылы трафикті анықтап, толық бұғаттауға немесе баяулатуға болады.
«Бірақ бұл әдістердің шектеулері бар. Үлкен платформалар шифрлауды күшейтіп жатыр, трафикті жасыратын протоколдар пайда болды. Сондықтан кез келген техникалық блоктауды айналып өту жолдары табылады», деп түсіндірді маман.
Мұндай жағдайда заңдық талаптар да маңызды рөл атқарады. Шақмановтың сөзіне қарағанда, мемлекет платформалардан:
- Өкілдік ашуды;
- Жас ерекшелігіне сай фильтрлеу енгізуді;
- Жергілікті заңдарды орындауды талап ете алады.
«Көп жағдайда нәтиже – техникалық блок емес, платформа мен мемлекет арасындағы келісім арқылы келеді», деп атап өтті сарапшы.
VPN-ды бұғаттау мүмкін бе?
«VPN трафигі қазір кәдімгі HTTPS трафигіне ұқсап кеткен. Жаңа протоколдар VPN-ді браузер трафигі сияқты көрсетеді. Сондықтан толық анықтап, тұрақты түрде жауып отыру үшін интернетті қатты шектеу керек», дейді Батыржан Шақманов.
Бірақ маманның айтуынша, мұндай шектеулер бизнеске, қашықтан жұмысқа, банктік жүйелерге және IT секторына зиян келтіруі мүмкін.
«VPN-ды шектеуге болады, бірақ толық жою іс жүзінде мүмкін емес», дейді ол.
Сарапшының ойынша, шектеу – мәселенің шағын бөлігі ғана. Негізгі үш бағытқа көңіл бөлінуі тиіс:
1. Ата-ананың бақылауы
«iOS және Android-та балаға арналған профильдер, уақыт лимиттері, контент шектеулері сияқты құралдар бар. Бірақ ата-аналардың басым бөлігі оларды қалай қолдануды білмейді. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары қажет», дейді сарапшы.
2. Платформалармен серіктестік
«TikTok, YouTube, Instagram балалар үшін қауіпсіз режимдерді күшейтіп, Қазақстанға арналған білім беру контентін, буллинг пен алаяқтыққа қарсы материалдарды алдыңғы қатарға шығара алады. Бұл әлемде кең тараған практика», деді ол.
3. Кибергигиена және медиасауат
«Балаларға зиянды ақпаратты жаба беру арқылы мәселені толық шешу мүмкін емес. Біздің міндет – баланы интернетте қауіпсіз мінез-құлыққа үйрету: фейк контентті тану, бейтаныс адамдарға сенбеу, жеке деректерді қорғау, эмоциялы контенттерге берілмеу сияқты дағдыларды сіңіру. Бұл – ұзақ мерзімді, бірақ ең тиімді шешім», деп түйіндеді Батыржан Шақманов.
Жалпы балаларды әлеуметтік желілерден қорғау – күрделі мәселе. Бірақ бір нәрсе анық: бала қауіпсіздігі үшін тек тыйым жеткіліксіз. Тәрбие, ата-ана бақылауы, цифрлық сауат және жүйелі саясат қажет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
