Сурет: Stan.kz
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов әр туған баласы үшін әйелдердің зейнетке шығу жасын екі жылға қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітілген. Алдағы жылдары Үкімет зейнетақы жүйесіне қатысты оңтайлы шешім жасауы тиіс екенін айтты.
Оның айтуынша кеңестік кезеңде әйелдер шамамен 5-6 баланы өмірге әкеліп, үй жұмысымен қатар, өндірісте де еңбек ететін.
«Сондықтан зейнетке ерте шығуы әйелдер мен ана еңбегін бағалаудың әділ өтемақысы ретінде қаралатын. Қазіргі әлемде әйелдердің еңбек және өмір сүру жағдайлары өзгерді. Біз гендерлік теңдікке ұмтылып отырмыз, сондай-ақ жұмыс және өндіріс жағдайлары жақсарып келеді. Үй шаруалары жеңіл және қауіпсіз болып жатыр. Алайда бір факт өзгеріссіз қалды. Бұл тұрғыда бала туған кезде әйелдер жұмыстан уақытша кетіп, кәсіби мансабы мен тәжірибесі тоқтап қалады. Еліміздегі әр әйел орта есеппен үш баланы өмірге әкеледі. Осы кезеңде тиісті жарна аударылмағандықтан, олардың зейнетақысы да жоғары болмайды. Бұл ретте әйелдердің зейнетке ерте шығуы түрінде жеңілдік жасауыл керек. Дегенмен мұндай құқық заманауи жағдайларды ескере отырып, әділ түрде ұсынылуы керек», – деді депутат.
Осылайша депутат дүниеге әкелген әр баласы үшін әйелдің зейнетке шығу жасы 2 жылға қысқартуды ұсынды. Бірақ, қысқаратын жылдар саны 10-нан артық болмауы керек.
«Қазіргі кезде 53 жастан 5 және одан да көп бала туған, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана зейнеткерлікке шығады. Менің ойымша, жоғарыда аталғанды ескере отырып, Үкімет баласы бар аналардың зейнетке шығу жасын азайту ұсынысын қарастыруы тиіс. Өмірге келген әр бала үшін зейнеткерлік жасты екі жылға азайтқан жөн. Алайда 10 жылдан аспайтын мерзімге төмендету керек. Осы орайда үш баласы бар әйел зейнетке 6 жыл ерте шыға алатын болады. Ал әйелдердің зейнет жасы 63-ке көтерілгеннен кейін ол 57 жаста зейнеткер атануға мүмкіндік алады», – деді депутат.
Сондай-ақ, Аманжан Жамаловтың айтуынша, Қазақстанда соңғы үш жылда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 1,5 жылға (77-ден 75,5 жасқа) қысқарған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!