Қазақстанда шетелден әкелінген тауарларды қазақстандық өнім ретінде көрсету деректері анықталды. Бұл туралы 2026 жылғы 2 сәуірде Машина жасаушылар форумында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, кейбір өндірушілер шетелге шыққанда өздерін қазақстандық тауар өндіруші ретінде таныстырып, іс жүзінде импортталған өнімді отандық тауар ретінде ұсынады.
«Шынын айтқанда, біз мұндай жағдайлармен жиі кездесеміз. Кейбір өндірушілер түрлі жапсырмалар мен таңбаларды пайдаланып, өздерін қазақстандық өндіруші ретінде көрсетіп, импорттық тауарларды отандық өнім ретінде ұсынады», – деді Олжас Сапарбеков.
Вице-министр бұл мәселені шешуде Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бұл құрал мұндай жағдайларды азайтуға, тіпті толық жоюға мүмкіндік береді деп сенеміз. Сонымен қатар, біз отандық бизнеске нақты қолдау көрсете аламыз», – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
