Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) кілттерін қайта шығару кезінде қосымша тексеру кезеңі енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ мәліметінше, қосымша қорғаныс тетігі азаматтардың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу мақсатында енгізілген.
Енді pki.gov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ кілттерін қайта шығару кезінде жүйе тұлғадан міндетті түрде екі тәсілдің бірімен жеке басын растауды талап етеді:
– SMS-код: бір реттік құпиясөз Мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген телефон нөміріне жіберіледі.
– eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық код: мобильді қосымшада көрсетілген кодты енгізу қажет. Бұл кілттерді иесінің смартфонына қол жеткізусіз ұрлаудан қорғайды.
Жаңа талаптар әзірге шетелдік тұлғаларға қолданылмайды, себебі олардың телефон нөмірлері көбіне Мобильді азаматтар базасына тіркелмеген.
Бұрын алаяқтар алдау жолымен пайдаланушының жеке кабинетіне қол жеткізіп, оның ЭЦҚ-сын өз тасымалдағыштарына қайта шығара алатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
