Сенат депутаты, ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев мас көлік жүргізушілеріне қатысты жазаны жеңілдету жайлы ұсынысты талқылауға дайын екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сенатордың сөзінше, қазір қоғам да, ереже бұзуды тіркейтін жүйе де өзгерген. Сондықтан ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары да жақсарған.
Есімде, ол кезде құқық қорғау органында істейтін едім. Алдымен мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 1 жылға, кейін 2 жылға айыратын болды. Меніңше, кейін бұл жаза қатаңдай түсіп, бес жылға дейінге өзгерді. Сосын 7 жылға айырып, 15 тәулікке қамау туралы шешім қабылданды. Бұл шара жайдан-жай қабылданған жоқ. Ереже бұзу тоқтаған жоқ, адамдар мас күйде рөлге отырып, ірі жол апаттарын жасайтын. Адамдардың денсаулығына, мүлкіне зиян келді. Сондықтан осындай жағдайға жетіп отырмыз, – деді Марат Қожаев.
Сенатордың сөзіне қарағанда, жазаның тым қатаңдығы қоғамға әсер етіп жатыр. Себебі ұзақ мерзімге куәлігінен айырылған жүргізушілер отбасын асырау мүмкіндігінен қағылып отыр
Осы тұста мынандай сұрақ туындайды: 7 жыл деген тым ұзақ емес пе? Олар өтініш білдіріп, арыз жазады. Маған да бірнеше өтініш түскен. «Біз жазамызды өтедік қой. 15 тәулікке қамалдық. Кінәмізді түсіндік» дейді. Сондықтан жазасын жеңілдетуді сұрайды. Бұл жаза жағдай ушығып тұрғанда қабылданған. Негізгі себеп адамдар отбасын асырау мүмкіндігінен қағылмауы керек. Сондықтан Мәжілістегі әріптестеріміз бұл сұрақ бойынша жұмыс істеп жатқан шығар. Сенатқа түссе, біз де талқылауға дайынбыз, – деп қосты Қожаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!