Вице-премьер Роман Скляр депутаттардың жол қауіпсіздігіне қатысты сауалына жауап берді. Ол Қазақстанда такси жүргізушілерін тексеру ісіне мықтап кірісетінін айтты, – деп хабарлайды kursiv.media
Заңсыз таксистерге мыңдаған айыппұл салынуда
2025 жылы заңсыз жолаушы тасымалдағаны үшін 4333 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 17 мыңға жуық адам қоғамдық орындарда такси қызметін ұсынып, азаматтарға тиіскені үшін айыппұл арқалады.
«Жолаушылар тасымалына бақылауды күшейту үшін мемлекеттік органдар интернет-агрегаторлармен бірлесіп, такси тасымалдаушыларының қызметін реттеудің қосымша тетіктерін қарастырып жатыр», – деп толықтырды ол.
Оң рульді көліктер таксиден шығарылады
Билік «Яндекс Такси» және inDrive платформаларымен бірлесіп, 70 мыңнан астам оң рульді автомобильдің қосымшаға кіруіне шектеу қойды. Алдағы уақытта мұндай көліктерді такси ретінде пайдалануға заңнамалық деңгейде толық тыйым салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қалааралық бағыттағы жүргізушілерді еңбек және демалыс режимін бақылау құрылғыларын (таксографтарды) пайдалануға міндеттейтін түзетулер дайындалуда. Агрегаторларға жүргізушілердің заң талаптарын сақтауын қадағалау бойынша ресми міндеттемелер жүктеледі. Сонымен қатар, такси диспетчерлік қызметтері үшін рұқсат беру тәртібін енгізу көзделуде.
Автомектептер цифрлық бақылауда
2025 жылдың қаңтарынан бастап «Автомектеп» жүйесі іске қосылды. Онда 727 оқу ұйымы мен 408 мың оқушы тіркелген. Енді оқу курсынан нақты өтпейінше, куәлік алу мүмкін емес. Бұған дейін мұндай құжаттар іс жүзінде оқымағандарға да беріліп келген болатын.
«Тәртіпті нығайту және заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жүргізуші куәлігін беру кезінде кезең-кезеңімен кешенді шаралар қабылдануда», – деді Скляр.
А және В санаттары бойынша емтиханға өз бетінше дайындалу тәртібі жойылды. Енді емтихан сыныптарында биометрия, бейнежазба және металл детекторларын қолдану міндетті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
