Бейсенбі, 04 желтоқсан, 11:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
92, (2204)
02.12.2025
PDF мұрағаты

Қазақстанда тұрғын үй көмегінің жаңа ережелері күшіне енді

04.12.2025

36 0

Фото: pixabay.com

Қазақстанда тұрғын үй көмегінің жаңа ережелері күшіне енді. Кімдерге беріледі, қандай шығындар өтеледі және қалай рәсімделеді – толық ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға тұрғын үй көмегін ұсыну тәртібі жаңартылды. Мемлекеттік төлем тұрғын үйге кететін шығындарды, коммуналдық қызметтерді және мемлекеттік қордағы тұрғын үйді жалдау ақысын өтеуге бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – әлеуметтік осал топтарды қолдау және процесті цифрландыру арқылы ашықтықты қамтамасыз ету.

Кімдерге беріледі?

Тұрғын үй көмегі белгіленген кіріс шегінен төмен табысы бар, тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындары жиынтық кірістің белгіленген үлесінен (5-10%) асып кететін отбасыларға ұсынылады. Бұл үлесті мәслихаттар бекітеді.

Көмек тек бір тұрғын үйге ғана беріледі – жеке меншіктегі немесе мемлекеттік қордан жалдаған тұрғын үйге.

Қандай шығындар өтеледі?

• Коммуналдық қызметтер (су, жарық, газ, жылу);
• Тұрғын үйді және аула аумағын күтіп-ұстау шығындары;
• Капиталдық жөндеу;
• Байланыс қызметтері;
• Мемлекеттік қордағы тұрғын үйді жалдау ақысы.

Көмек жеке тұлғалардан жалға алынған тұрғын үйге берілмейді және коммуналдық қызметтерді нормадан тыс пайдалану немесе артық шаршы метр үшін төлемді қамтымайды.

Қалай рәсімделеді?

Өтінішті онлайн түрде eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-ға барып беруге болады. Өтініш беру үшін барлық кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімі және төмендегі құжаттар қажет:

• Жеке басын куәландыратын құжат;
• Тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге төленген түбіртектер;
• Байланыс қызметтері үшін түбіртектер;
• (Бар болса) жалдау шарты;
• Банктік шот нөмірі.

Мүлік, отбасы құрамы және табыс туралы мәліметтер тексерілгеннен кейін аудан/қаланың әкімдігі өңірлік лимиттер мен нормативтерді (бір адамға 18 м²) ескеріп есептеу жүргізеді. Көмек тағайындау шешімі 6 жұмыс күні ішінде қабылданады, қаражат Қазынашылық комитеті арқылы аударылады.

Маңызды ақпарат

Тұрғын үй көмегі табысы төмен отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді және процестің ашықтығын цифрландыру арқылы қамтамасыз етеді. Бағдарлама азаматтарға шығын өтемін заң аясында, жедел түрде алуға жағдай жасайды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: