Қазақ радиосының 100 жылдығына орай 1 қазан Радио қызметкерлері күні болып бекітіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Тоқаев құттықтауында «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті екенін атап өтті.
«Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер», – деді президент.
Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді, деп толықтырды ол.
Мемлекет басшысы Жыл сайын ең таңдаулы журналистерге берілетін БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығы осымен жиырма бесінші рет табысталып отырғанын атап өтті.
«Соңғы кезде радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоқ екені жиі айтылып жүр. Мен Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен жөн деп санаймын», – деді Тоқаев.
Президент БАҚ қызметкерлеріне шығармашылық шабыт, толағай табыс тіледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!