Мәжіліс депутаты Марат Башимов Бас прокуратураға кеңейтілген тәркілеу енгізуді қолдауды ұсынды. Егер бұл заң қабылданса, жемқорлардың кез келген мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ оның басқа да жақын туыстарының мүлкі тәркіленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енжі мемлекет азамат өз қаржысының қайдан келіп жатқанын түсіндіре алмаса, оның активтерін тәркілей алады. Мүлік кімнің атына жазылғаны маңызды емес. Яғни, әйелінің, көңілдесінің, балаларының және басқа туыстарының атына тіркелген мүлік те тәркіленеді.
“Қазір мұндай норма болмағандықтан, активтер көбіне үшінші тұлғалардың атына рәсімделеді де, көп адам жауапкершіліктен құтылып кетеді. Олардың мүлкі толық тәркіленбейді. Ал сотталушы түрмеде дүние-мүлкінің туыстарының, көңілдестерінің, атына жазылғанын біліп, алаңдамай отырады. Ол ертең шыққан соң да сол активтер мен қаражатқа еркін өмі сүреді”, – дейді Марат Башимов.
Депутаттың сөзінше, мұндай норма әлемдегі көп елде бар. Халықаралық Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы Қазақстанға да бұл норманы енгізуді ұсынып келеді. Бұл ақшаны жылыстатуға және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтеді. Бірақ жемқорлар мен лоббистер бұл ұсынысқа бұрыннан қарсылық білдіріп, кедергі жасап келеді.
Қазір мәжілісте ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Оған қазірдің өзінде шамамен 100-ге жуық түзету енгізілді. Бұл заңмен қатар кеңейтілген тәркілеу туралы норманың да қабылдануы маңызды.
Башимовтың айтуынша, тәркілеу өз табысының заңдылығын дәлелдей алмайтын адамдарға ғана қолданылады. Бұл шара ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерге, саясаткерлерге және мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларына қатысты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!