Қазақстанда «Золотая жизнь» газдалған сусынына тексеріс жүргізілді. Сусынды ішуге Қырғызстанда тыйым салынған болатын, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Айта кетейік, жақында Бішкекте Ауғанстаннан әкелінген «Золотая жизнь» газдалған сусыны сатылымнан алынып тасталғаны белгілі болды.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, олар Royal, Paradise, Mani, Pure, «Золотая жизнь» хош иісті алкогольсіз газдалған сусындарға санитарлық тексеру жүргізген.
«Аталған газдалған сусындарды таңбалау Кеден одағының тамақ өнімдерін таңбалау бөлігінде «техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды», – деп хабарлады комитет өкілдері Tengrinews.kz-ке.
Қазақстандық мамандар сусындарда «құрамында бояғыш (азорубин Е122) бар» деген ескерту жазуы жоқ екенін анықтады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, ол балалардың белсенділігі мен назар аударуына теріс әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар, пакеттерде сусындардың құрамы мен тағамдық құндылығының көрсеткіштері, сондай-ақ шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі жоқ.
«Сондай-ақ, аталған сусындарда сәйкестік туралы декларациялар жоқ екені анықталды, бұл дайындаушының (импорттаушының) Кеден одағы техникалық регламенттерінің міндетті талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерінен өтпегенін көрсетеді», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ішкі нарықты қорғау мақсатында комитет тексеру нәтижелері туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарлады. Ол, өз кезегінде, сауда кәсіпорындарына рұқсат құжаттарынсыз аталған өнімді сатып алмауды ескертуі керек. «Золотая жизнь» сусынын және басқаларын сатуға әлі ресми тыйым жоқ.
Сусынды ішкеннен кейін қазақстандықтар арасында улану туралы шағымдар тіркелмеген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!