Қызылша егетін өңірлердің зауыттары жаңа өнімнің қант қызылшасын қабылдауды бастады. Елімізде қант қызылшасын қабылдау және өңдеу науқаны жалғасуда. Бүгінгі күні Жетісу мен Жамбыл облыстарында орналасқан кәсіпорындар 225 мың тоннадан астам қызылша қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, Көксу қант зауытында өнімді қабылдау үрдісі тәулік бойы жүргізіледі. Кәсіпорын аумағында 4 түсіру техникасы мен 4 автотаразы жұмыс істеп тұр, бұл жеткізілген шикізатты үздіксіз қабылдауды қамтамасыз етеді. Зауыттың зертханасы жедел талдау жасап, қызылшаның сапасын бақылайды, ал өнімді сақтау үшін жалпы аумағы 9 гектар болатын қант қызылшасын үйіп сақтау алаңы дайындалған.
Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 200-230 мың тонна қызылшаны құрайды. Бүгінде 69 мың тоннадан астам тамыржеміс қабылданды. Ақсу қант зауыты 92 мың тонна, ал Меркі қант зауыты – 65 мың тонна өнім қабылдады, – делінген АШМ хабарламасында.
Кәсіпорындар аумағында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдіктері мен полиция департаменттері өкілдерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.
Жалпы, Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінде қызылша егіс алқаптарының 37,8%-ы жиналды.
Өнім көлемі 325 мың тонна, орташа түсім – гектарына 450 центнер. Сонымен қатар қант зауыттары өндірістік қуаттарын жаңғыртуды жалғастыруда. Мәселен, Көксу қант зауытында 2027 жылға дейін жылдық өңдеу көлемін 250 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 29 млрд теңге.
Ақсу қант зауытында да жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Өткен жылы кәсіпорын 300 мың тоннаға дейін қызылша өңдеді, ал биылғы маусымда 330 мың тоннаны өңдеуді жоспарлап отыр. 2026 жылға қарай зауыттың тәуліктік қуатын 4,5 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
 
				 
					