13 ақпаннан бастап еліміздің азаматтарына көлікті тиісті құжаттарды алып жүрмей-ақ, тек жеке куәлікпен жүргізуіне болады. Бұл туралы ІІМ Ералы Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
2019 жылғы желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізуші құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы тексеру, жүргізушілерге құжаттардың қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беру туралы мәселені көтеріп, ІІМ-не заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды.
Жаңа заң биылғы 13 ақпаннан бастап күшіне енеді.
«Бұрын Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл қарастырылатын. Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат – жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті», – деді ІІМ басшысы.
Оның сөзінше, Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицей планшет арқылы тексереді. Ал интернет желісіне қолжетімділік жоқ елді мекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
«Жаңа нормалардың қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдіктерге және Қазақстанда тіркелмеген көлік басқарушыларына қатысы жоқ», – деп атап өтті Тұрғымбаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!