Қазақстандықтарға берілетін 10 соттық тегін жер енді тек инфрақұрылым тартылған аймақтардан ғана үлестіріледі. Осылайша су мен жарық келмеген жерлерге үй салуға рұқсат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлер су құбыры мен электр желісі тартылған аумақтардан ғана беріледі.
Бұған дейін мұндай талап болған жоқ. Сәйкесінше 4 миллионнан астам қазақстандық өзі қалаған аймақтан жер белгілеп, өтініш берген. Енді олардың көрсеткен аумағында дәл осы желілер тартылмаса, кезек жылжи бермек. Аталған ауыл, ауданда міндетті түрде су мен жарық болуы керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұрынғы кезекте тұрған азаматтардың кезегі сақталады, қайта өтініш беруді қажет етпейді. Кезекте тұрғандардың тізімі жергілікті атқарушы органның автоматтандырылған жұмыс орнында, арнайы есепке қойылуына қарай қалыптастырылады.
Сонымен қатар ережеде жер өтініш арнайы есепке қойылғаннан кейін беріледі делінген. Ал арнайы есепті жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Егер аймақ үй салу мақсатында пайдаланылмаса, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады. Айта кетейік, жаңа талаптардың өзгеруі азаматтарға жер кезексіз берілмеуі үшін жасалып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!