Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы еңбек етіп жүр, деп жазады Egemen.kz.
Шетелден жұмыс күшін (ШЖК) тартуға басшылар мен олардың орынбасарлары үшін – 561 (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін – 2 280 (екінші санат) рұқсат етіледі. Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Олардың саны 3 884 және 988 болып белгіленген.
Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 036 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 918 адам тартуға болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 896 жұмыс беруші бар. Оларда 339,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% құрайды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп шетелдіктер құрылыс саласында – 4 799 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 3 065 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 1 187 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 1 085 адам жұмыс істейді.
Ал еңбек мигранттары жиі келетін елдер қатарында Қытай (5 330 адам), Өзбекстан (2 682 адам), Түркия (1 046 адам), Үндістан (1 012 адам) мемлекеттері бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылған.
Осы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
