Еліміздің бірыңғай банкаралық QR-кодын енді шетелде де қолдану мүмкіндігі пайда болады. Бұл туралы «National Payment Corporation» АҚ төлем жүйелерін дамыту департаментінің директоры Райымбек Шаймерденов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қызмет биыл қыркүйекте іске қосылған. Қазіргі таңда бірыңғай QR-ға 6 қазақстандық банк қосылды. Жүйе арқылы кез келген банктің қосымшасынан төлем жасауға болады. Бұл бизнеске бірнеше терминал ұстаудың қажеті жоқ екенін, ал қолданушылар жабдықтардың бір-бірімен үйлесімділігіне тәуелді болмайтынын білдіреді. Деректердің қауіпсіздігі қосарланған шифрлау арқылы қорғалған.
Маманның айтуынша, келесі жылы барлық қаржы ұйымдарын бірыңғай мобильді төлем жүйесіне толық қосу жоспарланып отыр. Ал трансшекаралық төлемдерді 2026 жылдың соңына дейін ашу көзделген. Бұл қазақстандықтардың шетелде төлем жасауын жеңілдетіп, елге келетін туристер үшін де қолайлы болмақ.
Қазір Түркия және Таиландпен келісімдер пысықталып жатыр. Сонымен қатар, төрт елмен – Қытай, Үндістан, Қырғызстан және БАӘ трансшекаралық QR төлемдеріне қатысты техникалық және құқықтық талдау жүргізілуде.
«Біз дәл қазір трансшекаралық банкаралық QR-код бойынша төлемдерді іске қосу бағытында жұмысты бастадық. Талдау нәтижесі бойынша ел тұрғындары ең көп баратын және бізге ең көп турист келетін төрт ел – Қытай, Үндістан, Қырғызстан және БАӘ негізгі бағыт ретінде белгіленді», деді Райымбек Шаймерденов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
