Еліміздегі дамуынан үміт күттіретін, ең перспективті қалалар мен өңірлер қандай? Stan.kz мамандардан республикадағы қалалар мен елді мекендердің жағдайы жайлы сұрады.
Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары әртүрлі облыстардан келген тұрғындардың жиынтығынан тұратын болғанымен, мұнда кез келген адам үшін жұмыс пен ақша табуға мүмкіндіктер көп болып саналады. Батыс Қазақстанда орташа жалақы жоғары болғанымен, мұнда қомақты қаражатты көбіне арнайы мамандар қатары ғана алады, көбіне бұл – мұнай саласының мамандары.
Өңір, қаланың дамуы тікелей азық-түлік бағасы мен жалақы мөлшері, жұмысқа тұру бойынша мүмкіндіктер, білім беру саласының дамуы, денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі, инфрақұрылым сияқты факторларға байланысты.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің 2021 жылдың екінші жартыжылдығына арналған деректерін салыстыра келе, ай сайынғы орташа жалақы бойынша: Атырау (398 мың), Маңғыстау облысында (353 мың теңге), Нұр-Сұлтанда (324 мың теңге) ең жоғары көрсеткіш тіркелетінін, ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (189 мың теңге) тіркелгенін атап өтуге болады.
Қазақстанда 2020 жылғы статистика бойынша, 27 моноқала мен 41 шағын қала бар, шамамен 10 мыңнан жоғары елді мекен бар. Одан бөлек, кішкентай қалалар көп. Даму жағынан қалып келе жатқан қалалар да аз емес. Оларды дамыту бойынша арнайы бағдарламалар да көзделген. Соның бірі Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстандағы перспективті қалалар
Экономист Арман Байғановтың айтуынша, облыс орталықтарынан бөлек, егер ресурстар бөлінетін болса, кіші қалалар да болашағынан үміт күттіреді. Сөзінше, 10 мыңнан 50 мыңға дейінгі халқы бар қалаларды кіші қалаларға жатқызуға болады.
“Мұндай кіші қалалар ретінде: Қостанай облысындағы Қаратау, Семей облысында Курчатов қаласын ерекше атап өтуге болады. Азаматтардың арасында болашақта ауыл-аймақта тұрғысы келетіндер бар екенін ескерсек, оларды перспективті деп атауға болады.
Үш мегополистегі халық саны өте көп. Шамамен Қазақстан халқының 30 пайызы тұрады. Одан бөлек, Облыс орталықтары жақсы дамып келе жатыр: Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және т.б. Ел дамыған сайын түптің-түбінде қалаға көшу процесі урбанизацияға әкеледі. Болашақта кіші қалалар да дамуы мүмкін. Меніңше, ауыл-аймақта тұратын адамдар саны азаяды. Ауыл шаруашылығының шетелдегідей тиімділігі арта түссе, онда адамдар ауылда қалып тіршілігін жасауы да ғажап емес”, – дейді экономист.
“Халық санының көбеюі мен моноқалалардың көп болуына байланысты Оңтүстік Қазақстандағы өңірлер мен қалалар депрессивті емес. Ал Түркістан облысында дамуы бойынша артта келіп қала жатқан қалалар жоқ. Шымкент те қарқынды дамып, туу көрсеткіші жоғарылап жатқанын көреміз”, – дейді ол.
Маман, сондай-ақ аралас ұлттар тұратын аймақта жұмыс орындары көбірек болатынын атап өтті.
“Аралас ұлттар тұратын қала, елді мекендерде әрдайым жұмыс орны көп, сауда-саттық тұрақты дамиды, өмір сүру жағдайы жақсырақ. Азық-түлік бағасына келсек, әрдайым мегополистерде өнімдердің бағасы арзандау болады. Себебі онда логистика, жеткізу қызметтері жақсы дамыған. Ауыл-аймақ, кіші қалаларда дүкендердегі баға жоғарылау. Шаштараз сияқты қызметтер арзан болуы мүмкін, ал тағамға келгенде қымбат”, – дейді Арман Байғанов.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов ірі қалалардың дамуына қомақты қаражат бөлінсе де, инфрақұрылым бойынша жағдай нашар екенін алға тартады.
“Үкімет тарапынан өңірлерді дамытудың нақты дамуға бағытталған саясатының байқалмауына байланысты, қазіргі уақытта тұрғындары көп және мемлекет қомақты қаржы бөлетін ірі қалалар жақсы дамуда.
Алайда Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды сияқты қалаларда инфрақұрылымның даму бағыты нашар екенін байқаймыз. Мемлекет оларға қаражат бөлсе де, тұрғындар үшін жайлылығы артып келе жатыр деп айта алмас едік. Бұл қалалардағы халық «ел ішіндегі босқындар» есебінен, яғни өмір сүру деңгейі одан да нашар ауылдардан, шағын қалалардан келіп жатқан адамдармен толығып отыр”, – дейді ол.
Неге қалалардағы экономикалық жағдай біркелкі бола алмайды деген сұраққа маман былай деп жауап берді.
“Үкімет өнеркәсіпті іске қосу, барлық қаланы байланыстыратын сапалы жолдарды жүргізу мәселесіне келгенде тығырыққа тіреліп отыр. Сондықтан әзірге аймақтарды дамытудың нақты саясаты жоқ, есесіне шағын қалалар жағдайы әр уақытта қиын болады, себебі онда азық-түлік жеткізу қиын, олардың бюджетінің көлемі аз, ал жергілікті әкімшіліктер оларды қалай дамыту қажет екенін білмейді”, – дейді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!