Сәрсенбі, 27 қараша, 03:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Қазақтың күбісі

21.03.2023

1509 0

Ат ерттеп, атан қомдаған жұртымыз үшін төрт-түлік малы жесе ет, ішсе сусын, мінсе көлік болғанын жақсы білеміз. Құрт қайнатып, май шайқап қалдықсыз өнім өңдеген халқымыз астың қадірін білген. Сондықтан да асты кез келген ыдыста дайындап, сақтамаған.

Қазақ жұрты үшін сондай қадірлі ыдыстың бірі – күбі. Оны халқымыз май шайқап, көже ашытып, қымыз, шұбат, айран пісу үшін қолданған. Күбінің де түр-түрі бар. Мәселен, қымыз күбісі аласа әрі жуан болса, айран күбі жіңішке, биіктеу келген. Тұрмыста қажетті әрбір заттың пайдалы тұсын бағамдай білген қазекең күбіні емен, қайың, арша сынды ағаштардан жасаған. Оларды алдын ала кептіріп, арнайы күбі жасау үшін жылдап дайындаған.

Бүгінде сүт ұйытып, күбіде айран пісетіндер некен-саяқ. Сұраныстың аздығынан қазақтың қара күбісі де ұмытылып барады деуге болады. Осы орайда қаламызға белгілі қолөнер шебері Бекзат Жүсіповке хабарласып, аймақ көлемінде күбі жасайтын шеберлерді сұрастырған едік. Расымен, ағаш шеберлері тапсырыс аясында болмаса қазір күбіні мүлде жасамайтынын айтты. Осылайша күбінің жасалу технологиясы туралы айтып беретін шеберлермен хабарласу мүмкін болмады. Десе де көп жылдан бері күбі жасап жүрген маманды тауып, одан қыр-сырын сұрадық.

Жалпы күбінің жасалу жолы қиын. Сондықтан көпшілік бұған беттей бермейді. Ертеректе көктем келісімен ауыл жұрты жаппай күбі пісуге дайындалып, қам жасайтын. Алдын ала тапсырыс беріп, дайындататын еді. Сол кезде сұраныстың көптігінен қолымыз бір сәт босамайтын. Қазір ауыл адамдары да электрлі күбіге көшті ғой. Бір жағынан бұрынғыдай айран пісетіндер де аз. Қазір қалтаңда ақшаң болса бар қажеттіні дүкеннен таба аласың, – дейді ағаш шебері Сауран Жүсіпов.

Күбі негізі діңі мықты емен ағашынан жасалады. Бұдан бөлек қайың, арша, кей жерде жиде ағашын да қолданады. Бұл енді табиғи өнімнің қолжетімділігіне байланысты. Ол үшін ағашты ұзақ кептіру қажет.

– Мәселен, күбі қайыңнан жасалса, шикізат бірнеше жыл бұрын дайындалып, кептірілген болуы шарт. Сол сияқты әр ағашты қасиетіне, икеміне қарай дайындаймыз. Қажетті ағаштарды жонып күбінің пішінін келтіреміз. Одан кейін темірмен 4 жерден құрсаулайды. Күбінің түбін қалың етіп жасайды. Бетіне арнайы шаң-тозаң түспесін деп ортасын тесіп немесе шетінде кертік қалдырып қақпағы дайындалады. Көбіне қақпақсыз жасалады. Себебі ерте кездегідей күбіде көже, ашытпа ашыта бермейді. Дайын болған ыдыс сәл ысытылған қой не жылқы майымен майланады. Майланған ағаштың бойына сұйықтық сіңбейді. Сонымен бірге тобылғы, жүзген сияқты ағаштың түтінімен ысталады, – дейді шебер.

Күбіні пайдаланбас бұрын суға салып, ісіндіріп алады екен. Күбіде піскен сусынның дәмді, майының мол шығуы үшін де бірқалыпты температура, қысым қажет. Өзінің қалпын сақтап пісілмеген айранға май шықпайтынын ұмытпаған жөн. Ал күбідегі айранның дәмі ерекше. Күбі де ұмытылып барады…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: