Қазақ баласы үшін жер мәселесі жаннан қымбат екенін алыс-жақын көршінің бәрі жақсы біледі. Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын орда, Түркі қағанатының тұсында да Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз жан мен жер саудаға түссе, ойланбастан жерді таңдаған. Кешегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары да ата-бабадан қалған жеріміздің бар байлығы тек қазаққа тиесілі екенін айтқан. Соңғы кезде жер мәселесі қайта көтеріліп, шетелдіктерге сату, жалға беру туралы айтыла бастады. Бұл өз кезегінде намысы бар қазақтың тамырында ағып жатқан қанын тулатты. Мәселенің мәнісіне үңілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада бұл мәселеге біржолата нүкте қойды.
«Ақ орданың» баспасөз қызметі Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғанын хабарлады.
Оқырманға түсінікті болу үшін мәселенің мән-жайын тарқатып айтайық. 2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беруге мораторий енгізілген болатын. Құжат бойынша мороторий мерзімі осы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Қазақстан Президенті осыны назарға алып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.
Көп ұзамай Президенттің жерге байланысты заң жобасын Парламентке жібергені мәлім болды. Онан соң Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдап, Мәжіліс Сенатқа жолдады. Сенат бұл заң жобасын талқылап, Мәжіліске қайтарған еді. Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатпау туралы құжатқа Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Бұл заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға берілетін болды.
Қазақстан Президенті әуел бастан жеріміздің шетелдіктерге беруге болмайтынын кесіп айтты. Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», – деп қазақтың сайын даласы ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр атырапты алып жатқанын тағы бір мәрте еске салды.
Мақаламызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», – деген сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.
Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!