Журналистер – мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың маңызын қалың бұқараға жеткізіп, халық ішіндегі өзекті мәселелерді талдап, билік назарына ұсыну миссиясын мойнына алған құрметті де күрделі кәсіп иелері. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді насихаттап, қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше. Осы ретте облыстағы бірнеше басылымды бір шаңырақ астына топтастырған «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елдік мұраттарға қызмет ету жолында сенім биігінен түскен емес. Мемлекеттік саясатты насихаттап отырған мекемеге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова келіп, серіктестік жұмысымен танысты.
Халық арасында «Құдіретті қолбасшылардың әскері жетпеген жерге қаламның қуаты жеткен» деген сөз бар. Ой қуалап, сөз ұйқастыру, одан шымыр дүние жазып шығару – екінің біріне бұйырмаған асыл қасиет. Біз білетін қазақ халқының атақты жазушыларының барлығы жазуды журналистикамен ұштастырып, осы сара жолды жазушылықтың даңғылына айналдырған. Он жылдан аса тарихы бар медиабірлестікте де қаламы қуатты, ойы ұшқыр қалам иелері аз емес. Серіктестікте алғашқы жылдары 90 жылдан аса тарихы бар аймақтың аға басылымдары саналатын «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері болды. 2013 жылы оған қалалық, аудандық ресми басылымдар қосылып, жұмыс ауқымы кеңейді. Облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде содан бері «Сыр медиа» еліміз бойынша өнімін өз баспаханасынан шығарып, өзі тарататын іргелі ұйымға айналды.
«Сыр медиа» ЖШС мемлекеттік саясатты, республика мен өңір
жаңалықтарын халыққа дер кезінде мазмұнды түрде жеткізу қызметін қазіргі заман талаптарына сәйкес жаңашылдықпен жүргізіп келеді. Бүгінде барлық басылымның сайттары, сондай-ақ 2011 жылы ашылған «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және өзге де салалар бойынша қоғамның тыныс-тіршілігі туралы оқырманға жедел әрі сенімді ақпарат таратуды жолға қойды. 2013 жылы оқырманға жол тартқан «Ақмешіт жастары» газеті аймақ жастарының сүйікті басылымына айналды. Журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында ашылған «Сыр медиа» академиясының да жұмысы жүйелі екенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек аудиоподкастқа арналған студия, кітап басу ісін дамыту сынды сәтті жобалар қазірдің өзінде жемісін беріп үлгерді.
Кездесу барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Оңғарбаев серіктестікте атқарылыған жұмыстарды жан-жақты баяндады.
Жиын соңында облыс әкімі медиабірлестіктің атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, алғысын білдірді. Сонымен бірге облыс көлемінде ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталатынын, халық пен билік арасын жақындатуда журналистердің алтын көпір болып отырғанын атап өтті.
Қай қоғам болсын қаламмен бедерленетіні белгілі. Тарихты таспалайтын да қалам. Газет саласында еңбек ететін журналистер де, әр шығармасын сүбелі сөзбен көркемдейтін жазушы да қаламды серік ету арқылы қоғамның тамыршысына айналады. Қаламның құдіретін терең сезінген аймақ басшысы да журналистерге «қаламдарыңыз ұшталсын» деген тілегін жеткізді.
Әзиз Жұмаділдәұлы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!