Бүгін «Қызылорда облыстық үкіметтік емес ұйымдардың Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен жаңа редакциядағы Конституция жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылауға арналған кездесу өтті. Шараға өңірдегі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Кездесу барысында облыстық Азаматтық Альянстың төрағасы Ізден Анар Жарылқасынқызы мәжіліске қатысушыларды Конституцияның жаңартылған жобасымен таныстырып, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, конституциялық реформалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ қоғамдық қатынастарды жаңғыртуға бағытталғаны айтылды.
Талқылау аясында азаматтық қоғам өкілдері жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық бірлестіктердің құқықтық мәртебесін нақтылау мәселелеріне назар аударып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар бұл өзгерістер азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамның мемлекеттік басқаруға деген сенімін арттыратынын атап өтті.
Шара соңында кездесуге қатысушылар конституциялық реформалар мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін айтып, ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
