Жұма, 27 желтоқсан, 02:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қоғамдық көлік қызметі кімдерге тегін болмақ?

31.01.2023

1653 0

Сурет ашық дереккөзден

Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын.

Аталған заң азаматтық авиация, автомобиль жолдары, теңіз және темір жол көлігі, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметті жетілдіру мақсатында жүзеге асырылуда. Әсіресе «Бақытты бала – бақытты ана – бақытты отбасы – бақытты ел» жол картасына сәйкес жолаушылардың жекелеген санаттарына қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер беру қарастырылған. Заңдағы бұл өзгеріс 1 наурыздан бастап күшіне енбек.

Иә, наурыз айынан бастап халықтың жекелеген санаттары қоғамдық көлікте тегін және 50 пайыз жеңілдікпен жүре алады. Атап айтқанда, автобуста тегін жүру мүмкіндігі көпбалалы аналарға, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен «Батыр ана» атағын алған, сонымен бірге I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар бар.

Қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы бұдан өзге І топ мүгедектігі бар жандар мен 7 жастан 15 жасқа дейін балаларға да берілмек. Ал 15-тен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер жолақысының 50 пайызын төлеуге міндеттеледі. 

Автомобиль құралдарын пайдаланудағы оң өзгерістер жұрт­шылықты қуантатыны рас. Мәселен, қоғамдық көлікте балалардың және көпбалалы аналардың тегін жүруі Астана қаласында бұрыннан қалыптасқан. Дегенмен өзге өңір тұрғындары үшін бұл жаңалық қуанарлық жайт.

Осы орайда, жағымды жаңалықтың аймақта орындалуы, облыс, қала әкімдігі тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылатыны туралы білу үшін «Қызылорда Автобус парк» ЖШС басшылығына хабарласуды жөн көрдік.

– Қазіргі таңда тиісті орындардан аталған ақпаратқа байланысты әзірге ешқандай бұйрық не қаулы шыққан жоқ. Заңға сәйкес қаладағы қоғамдық көлік тасымалына қандай да бір өзгеріс енгізілсе міндетті түрде ақпарат беріледі, – деді мекеменің баспасөз хатшысы Аслан Сағындық.

Заңда көрсетілген жеңілдіктердің кейбірі өзге өңірлерде бұрыннан қолданысқа енген. Алайда бұл еліміздің барлық аймағында қамтылуы қажет. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер өз тарапынан қосымша жеңілдік қарастыруына да болады.

Бүгінде қалада №1, 11, 14, 17, 18, 19, 20, 22, 25, 28, 29 және Ягодка саяжайына қатынайтын 12 бағыт үлкен сыйымдылықтағы автобуспен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта мұндай тағы 50 автобус әкелінеді деп жоспарлануда. Үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктер келсе қосымша  №12, 15, 16, 31 бағытты іске қосу көзделуде. Қазіргі таңда қала жұртшылығын үлкен автобустардың келуі мен жаңа бағыттардың қосылуы қуантуда. Бұған жоғарыда айтылған мүмкіндіктер қоса енгізілсе халықтың қуанышында шек болмасы анық.

Айтпақшы, аталған жеңілдіктерді тек автобус, троллейбус пен трамвай сияқты қоғамдық көлікте пайдалануға болады. Ал метрода жүру тарифі басқаша болмақ.

Айдана САЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: