Қызылорда облысы Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттері жыл басынан бері 83 қылмыстың ашылуына үлес қосты.

Арнайы дайындықтан өткен иттер қылмыскерді іздестіру, із кесу, есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау, сондай-ақ одорологиялық сәйкестендіру жұмыстарында тиімді қолданылуда. Қазіргі таңда орталықта 19 қызметтік ит бар. Олардың басым бөлігі есірткі іздеуге, сондай-ақ жарылғыш заттарды анықтау, із кесу және өзге де бағыттар бойынша қызмет атқарады.

Жыл басынан бері қызметтік иттер есірткіге қарсы іс-қимылда 565 рет пайдаланылып, 36 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар криминалдық полиция саласында 21 қылмыс, негізінен ұрлық деректері ашылды.

Одорологиялық бағытта 10 тексеру жүргізіліп, 5 жағдайда оң нәтиже берді. Бұдан бөлек, әуежай, автовокзал, пошта нысандары мен қалааралық автобустар тұрақты түрде қызметтік иттердің көмегімен тексерілуде.
Айта кету керек, кинолог мамандар арнайы даярлықтан өтіп, қызметтік иттермен бірлесе отырып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
