Біз кім болып барамыз?..
Соңғы кезде осы ой мазалап жүр. Қандай ой десеңіз, өзіміздің жастардардың туған күн кештерінде торт лақтыруы, торттың бетіне салынған неше түрлі суреттер, оған жағылған шамдар… Осының бәрі қазақтың дәстүрінде бар ма, ағайын? Әрине, жоқ. Тіпті көзге ерсі көрінеді. Қай жағынан алып қарасақ та мұны қолдау мүмкін емес.
Жақында ғана әлеуметтік желіге бір бейне көрініс жарияланды. Оны сіз де көрген боларсыз. Бірақ оқырмандарымызға түсінікті болу үшін қысқаша тоқтала кетейік. Туған күн кешіндегі ақжаулықты ана тұр, баласының тілегін тыңдап. Ал жігіттің қолында мерекелік торт. Тілек аяқталды. Одан кейін не болды десеңіз, тортты анасының қолына сыйлаудың орнына бетіне жапсыра салды да қашты. Видеоны түсіріп тұрғандар да мәз. Баласынан ондай қылық күтпеген анасы бетіндегі торттың кремін сүртіп әлек. Ойлап қараңызшы, енді осы дұрыс па? Әр бала анасын қуантуға асығады. Бірақ мұндай көргенсіздікпен емес. Сол бейнекөріністен кейін әлгі жігіттің тірлігіне көп жұрт алғыс емес, қарғыс жаудырды. Міне, бұл кейіпкер анасын осылай мазақ етсе, енді бірінің достарына, жақындарына жарыса торт лақтырып жүргендері де бар. Осындайда ананың наласына, астың киесіне қалған арсыз ұрпақ өсіп келетініне іштей әттең дерсіз…
Иә, кейінгі ұрпақ аштықты көрген жоқ. Бейбіт өмірде ешкімге алақан жайып, жалтақтамадық. Бірақ біздер көрмеген қиындықты сұрапыл соғысты, ашаршылықты ата-әжелеріміздің көзі көрді. Міне, сол қарияларымыздың айтқан өнегесімен бір үзім нанның қадірін біліп өстік. Үлкендерден асты ысырап етпеуді, оны құрметтеуді үйрендік емес пе…
Кейде «Ас атасы нанның да қадірін ұғынатын ұрпақ азайып бара ма?» деген қорқынышты ой туындайды. Себебі бүгінгі қазақ қалаған тамағына тапсырыс беріп, тәбеті тартқанды ғана жейді. Кешегі уақытқа дейін ұлан-асыр той жасап, аста-төктікке жол берді. Бұл халықтың тұрмысының түзелгені де болар, десек те тамақты ысырап ететіндер әлі де әлеуметтік жағдайы төмен жандардың, олардың бір үзім нанға зар боп жүргендерін бір сәт ойласа екен дейміз. Тек пандемия кезінде ғана тойға шамалы тосқауыл болды. Тойшыл қауым бұрынғыдай шашылмайды. Құптарлық іс.
Түнгі 00:00-ді күту…
Жалпы айтпағымыз, соңғы кезде белең алып бара жатқан туған күнмен құттықтау «дәстүрі». Дәл бүгінгі туған күн былай басталады. Уақыт түнгі он екіден аса бастағанда туған күн иесі отырған бөлменің жарығы сөнеді. Оның орнына бетіне балауыз шамы жағылған тортты алып, жақындары кіріп келеді. Онда да өзіміздің емес, ағылшынша әнмен келетіні тағы бар. Бұл – бүгінгінің туған күнінің басталғандығының белгісі. Мұны да шетелден алдық.
Осы сәтте өз балалық шағыма орала кетсем, өзімізді ата-анамыз ертесіне бір-ақ құттықтайтын. Бетімізден сүйіп құттықтаса, соған мәз болып, сыйлық алғандай қуанатын едік, шіркін…
Торттың бетіндегі суреттер
Қазір мерейтойларға алдын ала тортқа тапсырыс беру көбейді. Тәттілерді пісіретіндердің кәсібі жүріп тұр. Бірде мынадай тортқа көзіміз түсті. Шоколадтан жасалған торттың бетіне оқ пен қарудың бейнесі салыныпты. Оны жемек түгілі көз алдыңызға бір қорқыныш елестегені белгілі. Себебі торт тәтті болғанымен суық көрінді. Тыныштықты қалайтын бейбіт өмірде дәл ондай қаруды жейтін асқа қосудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Арасында астың үстіне ішімдіктің де суретін салып, сыйға тартатындары да бар. Одан мына суреттер жиі кездесуде. Кейбірі ата-анасының суретін торт бетіне салдыртып жүр. Тортты сол күйі жей алмайсыз. Әрине, торттағы ата-анасының бетін кесіп, бірі аузын, енді бірі көзін жеп, соған мәз. Оның орнына жақыныңыздың суретін рамкаға салып, сыйлай салыңыз. Торттың бетіне салып, оны пышақпен қорлағанша…
Шырақты үрлеу дұрыс па?
Торт бетіне шырақ жағып, оны үрлеп сөндіру үрдіске айналды. Қазір ол болмаса туған күн аталып өтпейтіндей. Тіпті оны үрлемесе тілегі қабыл болмайтындай көрінеді. Иә, мұндайды көп отырыстарда кездестіріп жүрміз. Енді қараңыз, қазақта «отыңды өшірме» деген сөз бар. Отбасы дегеннің өзі оттан басталады. Жаңа түскен келіннің отқа май құюы жас шаңырақтың оты өшпесін деген қазақ даналығының бір парасы дерсіз. Негізі отты үрлеу, іштей соған сеніп тілек тілеу дұрыс емес.
Отызбаевтың ойы…
Адамзатты қайырымдылыққа, адамгершілікке үндейтін асыл дініміз де ысырапшылдық пен берекесіздікті қолдамаған. Осыған орай қалалық «Сұлтан» мешітінің бас иманы Қайырбек Отызбаев өз ойымен бөлісті:
– Қазіргі қоғамда рухани дерттің бірі – ысырапшылдық жасау. Əлемді жаратқан Алла ысырап етушіні сүймейді. Құрани Кəрімде: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген. Обал, сауап, ысырап дегенді білмеу – Алланың берген нығметін бағаламау, қолындағы барға шүкір етпеу болып табылады. Шайтанның да көздеген мақсаты – Алла ұнатпайтын істерді пендеге қызық əрі əдемі етіп көрсетуі. Ысыраптың мағынасы – дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден тыс ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен жұмсамау дегенді білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер». Мұсылман ысырапшыл емес, үнемшіл болуы керек. Өйткені асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «Үнемшіл адам кедейлік көрмейді».
Негізі қазір жастар арасында тортты бір-біріне лақтырып, шетелге еліктеп, соны мақтан тұтып жатқандары да жоқ емес. Орынды тақырып қозғап отырсыздар. Дана халқымыздың өзі нан қиқымын теріп алып, обал болады деп қастерлей білген. Былай қарасаңыз, босқа жанған жарық, текке жұмсалған уақыт, беталды төгілген тамақ, құр тасталған нан – осының бəрі ысырап. Бұл дүниедегі берілген алтын уақыттың, қол жеткізген нығметтің, мал-дүниенің сұрауы бар екенін ұмытпауымыз керек, – деді бас имам. Иә, расында да әрбір істің, әр сөздің сұралатын уақыты келеді…
Тілші түйіні:
Білесіз бе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аптаның ішінде бірінші, төртінші күндері ораза ұстайтын болған. Сонда одан «дүйсенбі күні сіз неге ораза ұстайсыз?» деп сұрағанда: «Мен сол күні дүниеге келдім» деп айтқан екен. Ол туған күнін осылай құлшылықпен өткізген. Ертеректе туған күнде «Алланың разылығы үшін осы күнге аман жеткізгеніңе рақмет» деп шүкіршілік ниетпен садақа беріп, дастарқан жайған. Ал кейін адамдар арасында Аллаға мадақ айтудан қалып, тек туған күн ретінде атап кетті. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыздай бола алмаймыз. Әйткенмен үлгі алсақ деген ой біздікі.
Өзіміздің өнегеге толы салт-дәстүріміз бар кезде біз неге шетелдіктерге еліктейміз? Оның орнына жақындармен бірге жайлы жерде «Өмірің торттай әдемі, тәтті болсын» деген ниетпен пісірілген дәмді тортпен жақсы тілек айтып, шәй ішкенге не жетсін…
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!