Сәрсенбі, 08 қазан, 22:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

Қорқыт және ұлы дала сазы: түркі әлемін тоғыстырған фестиваль

08.10.2025

106 0

Ұлы Дала төсінде мәңгілік сарын бар. Сол саздың тамыры ғасырлар қойнауынан, қобыздың күңіренген үнінен бастау алады. Бұл – Қорқыт бабаның үні. Қазақ руханиятының алтын өзегі, түркі әлемінің мәңгілік мифтік тұлғасы Қорқыт – өліммен арпалысқан, өмірдің мәнін саздан тапқан абыз. “Қорқыт және ұлы дала сазы” халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі дәл осы аңыз тұлғаны айшықтау мақсатында биыл 7-ші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Дәстүрлі іс-шараға Түркия, Тыва, Алтай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз келді. Шырайлы шараның өткізілу тәртібін, мән-маңызын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Қазақстан Республикасы тарапынан ресми өкілі Серік Нұрмолдаев, Түркия елінің этномузыкатанушысы Фикрет Каракая, Алтай Республикасының Халық әртісі Владимир Ынтаев баяндап берді.

– Фестиваль бағдарламасы бүгін сағат 18.00-де Н.Бекежанов атындағы театрда қазақ өнерін әлем сахналарында паш етіп жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің концертімен бастау алмақ.Аталған өнер ұжымы сыр жұртшылығы мен қала қонақтарына өз өнерлерін тарту етеді. Ертең, 9 қазан күні фестиваль қонақтары – ғалымдар мен өнерпаздар Қорқыт бабаның кесенесіне арнайы ат басын бұрып, өнер шеберлері түркі руханиятын қайта жаңғыртып, баба рухына тағзым етеді. Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінің амфитетарында«Қорқыт сазы» атты фестивальге қатысушылардың концерті өтеді. 10 қазан күні сағат «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтеді. Осы күні Өнер орталығында кешкі сағат 17.00-де «Жібек жолы жаңғырығы» атты Сыр бойы дәстүрлі-мәдени мұраларының Мodern-көрмесі ұйымдастырылып,халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің Гала-концерті ұйымдастырылады,- деді Қуаныш Қуантқанұлы.

– Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 2012 жылы құрылған. Қазіргі уақытта қорға төрағалық ететін – Қазақстан Республикасы. Сол себепті еліміздің бірнеше қалаларында түркі халықтарының мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Қорқыт ата мұрасы – бүкіл түркі әлемін біріктіріп тұрған рухани құндылық. Осы жобаны ұйымдастыруға мұрындық болған Қызылорда облысы әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама түркі халықтарының бауырластығын күшейтіп, ортақ мәдени мұрамызды әлемге танытуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді Серік Нұрмолдаев.

– Түрік музыкасының мақам жүйесі – өте күрделі әрі терең құрылым. Ол тек әуеннің немесе дыбыстардың тізбегі емес, рухтың, ішкі сезімнің айнасы. Әр мақамның өз мінезі, өз тынысы бар. Біз музыка арқылы адамның жан әлемін, рухани күйін жеткіземіз. Біздің жырлар – халық жадында сақталған тарих. Олардың музыкалық өрнегі өте күрделі, кейде орындау жағынан да қиын. Бірақ сол қиындықтың өзінде ұлттың рухы мен ежелгі дүниетанымы көрініс табады. Қорқыт баба мұрасы – барша түркі жұртының ортақ қазынасы. Осындай фестивальдер арқылы сол ортақ саз жаңғырып, жас ұрпаққа жетеді деп сенемін, – деді Фикрет Каракая.

– Менің шығармашылық жолым Алтай жерінен басталды. 1997 жылы мен өз ансамблімді ресми түрде құрдым. Сол уақыттан бері біз Алтайдың бай мәдениетін, дәстүрі мен фольклорын әлемге таныту бағытында тұрақты түрде жұмыс істеп келеміз. Шығармашылық қызметім барысында жиырмадан астам фольклорлық және этномузыкалық альбомдар жарық көрді. Жалпы, Қызылордаға шегіп жатқан алғашқы сапарым. Өте қуаныштымын. Сырда өтетін өнер фестивалінде де Алтай халқының әуені шырқалатын болады. Сәтті болады деп сенеміз,- деді Владимир Ынтаев.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: