Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қош келдің, Барыс жылы!

01.01.2022

2890 0

Бүгін 2022 жылдың 1 қаңтары. Бұл дегенің барыс жылы келді деген сөз. Жалпы жыл қайыруда «Барыс жылы» жайлы саналады. Әрине жалпылама алатын болсақ, қазақ тарихында әр жылдарда сәтті-сәтсіз жайттар, жақсы-жаман тарихи оқиғалар жоқ емес. Халықтың таным-түсінігінде қолайлы жыл саналған бұл жыл несімен ерекше? Халық жадында қандай оқиғалармен есте қалды? Бүгін осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғайтын боламыз.

Жалпы барыс жылы ХХ ғасыр басталғалы 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010 жылдары болған. Ал 2022 жылмен тағы келіп тұр. Сонымен тарих беттерінде осынау қазақтың болмысына жақын барыс жылы несімен есте қалды? Толығырақ тоқталайық…

Жалпы 1902 жыл әлемдік аренада айтарлықтай тарихи сәттер болмаған. Бұл тұста қазақ халқында да елеулі өзгерістер болды деп айту қиын. Өйткені ол кез ХХ ғасырдың енді басталып,  патшалық Ресейге бағынып тұрған сәтпен тұспа-тұс келеді. Бұл жылға тарихшылар саяси ояну кезеңі деп баға берген. Оған салмақты себеп те бар. Өйткені осы жылдары қазақтың оқыған-тоқыған, көзі ашық зиялы қауымы ұлтымыздың өз еркіндігін алу үшін білімді ұрпақ қажеттігін, халықтың сауатын ашу керектігін ұғынып, осы бағытта жатпай-тұрмай жұмыс істеген. Яғни бұл жылды ұлт зиялыларының саясатқа араласа бастау кезеңі деп атауға болатындай.

Ал 1914 жыл бірінші дү­ниежүзілік соғыс басталған жыл ретінде белгілі. Дүниені дүр сілкіндірген атышулы соғыстың басында Ресей тұрды. Біздің ел бұл соғысқа атойлап тікелей қатыспаса да Ресейдің еркін көсілуіне мүмкіндік берген негізгі ел десек қате айтпаймыз. Себебі орыстар азық-түліктің бәрін біздің елден алды. Сол уақыттары бір ғана Түркістан өлкесінің өзінен жетпіс мыңнан аса жылқы,  он үш мыңнан аса түйе жіберілген екен. Тарих солай дейді. Ешкімге оңайға соқпаған бұл соғыста осындай жәрдем орыстардың экономикалық жағдайын көтеруге сеп болды. Бірақ бұл өзімізге, яғни халқымызға ауыр тиді. Ақыры қазақтан да майданға адам алатын болды. Мұның соңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске алып келді.

Енді келесі барыс жылына көшейік. 1926 жылы халқымыз кеңестік үкіметтің құрамында болды. Қызылорданың астана болып тұрған кезі. Біздің жұртқа қатысты талай тарихи шешім қабылданған сәт. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығына қарағанда біршама еңсе тіктеді. Өйткені Ленин бастаған билік өкілдері осы тұста жаңа экономикалық саясатқа бет бұрып, салық жайын реттеп, шаруаларға сәл де болса еркіндік берген. Осы тұста Қазақстанда мал басы көбейіп, егістік жері әжептәуір ұлғайған. Сондай-ақ ел жадында қалған бір кездердегі әйелдер теңдігі мәселесі де осы жылдары көтерілген. Кейін бұл жайт талай әдеби туындының өмірге келуіне сеп болды.

Бұдан кейінгі барыс жылы 1938 жылмен тұспа-тұс келген. Ал 1937-1938 жылдар қазақ халқының тарихында қаралы жылдар ретінде белгілі. Себебі Сталиннің әкімшіл-әміршіл жүйе­сі осы жылдары репрессия саясатын жүргізе бастады. 1938 жылы ұлтымыздың ішінен бас көтеріп, халқымыздың сауатын ашуға барын салған зиялы қауым өкілдері репрессия құрбаны болды. Жазаланды, қудаланды, ақыр соңы атылды, асылды. Қазақтың бүгінде көп нәрседен кеш қалуы – осы ұлылардан айрулынан ба деп те ойлайсың кейде. Жә, қойшы. Сонымен бұл халқымыздың жат ұлттан жәбір көрген, атасынан баласына дейін лагер мен түрме көрген жылдар ретінде тарих беттерінде қалды.

Ортаға тағы он екі жыл салып барыс жылы 1950 жылы қайта келді. Бұл жылдар туралы «Бұл уақыт қазаққа біраз зардабын тигізген Сталиннің биліктегі соңғы жылдары ретінде есте қалды. 1950 жылдар екінші дүниежүзілік соғыс бітіп, соғыстан кейінгі шығындардың орнын толтыру жылдары ретінде белгілі. Себебі бұл соғыс қатысушы мемлекеттерге үлкен шығын келтірді. 1950 жылдар ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдары деуге болады. Қазақ халқы осы соғыста қирап тозған қала, колхоз, совхоздарды аяғынан тұрғызу үшін тындай еңбек еткен», – дейді тарихшы Болат Санабайұлы.

Арада тағы он екі жыл өтті. 1962 жыл халқымыз үшін оңайға соқпады. Осы жылы халқымыз өзіне тиесілі біраз жерден айырылып қалды. Саяси ахуал нашарлады. Хрущев елімізге қолдан қастандық жасады. Ол қазақ жерін талан-таражға салып, Оңтүстік Қазақстанның біраз аймағын Өзбекстанға өткізіп жіберді. Сөйтіп тарихта көршіге есеміз кеткен жыл ретінде есте қалды. Ал 1974 жылы қазақ тарихында аса маңызды өзгерістер бола қойған жоқ. Ал енді 1986 жылдың жайы мүлде бөлек әңгіме. Бұл жыл халық жүрегінде, ұлт тарихында тәу етер тәуелсіздігімізге алғышарт болған жыл ретінде белгілі. Жалынды қазақ жастарының өктемдігін жүргізген үкіметке барысша азу тісін ақситып қарсы тұрған,  қайсар мінезімен барысша ұмтылған, тәуелсіздігімді жақындатқан сәт еді.

«1986 жыл – қазақ үшін тарихи дата. Жалынды жастар себеп болған Желтоқсан оқиғасына биыл – 35 жыл.   Колбиннің билікке келуі ел ішінде наразылық туғызды. Біржағы бұл тарихи оқиғаға дейін де ел ішінде  қарапайым халықты мазалаған мәселелер көп еді. Оның ішінде экономикалық тоқырау және колхоз бен совхоздың шығынға белшесінен батқаны бар. Осы жағымсыз жайттардың барлығы жиналған уақытта билікке өзге ұлт өкілінің келуі, Желтоқсан оқиғасына жеткізді. Өз кезегінде бұл Кеңес үкіметінің ыдырауына алғышарт болды деуге болады. Біздің елге ең ауыр болғаны – Желтоқсан көтерілісінде қаншама адам қаза тапты, сотталып зардап шеккені қаншама, қуғынға ұшырағандары қаншама? Шынына келсек, бұл біздің ел үшін қасіретті де қайғылы жыл», – дейді тарихшы Б.Санабайұлы.

Бұдан кейінгі барыс жылдарында жағдай жақсара түсті. Тәңір берген тәуелсіздікті алған­нан кейін елдің беті бері қарады.

Кезекті он екі жыл өткен 1998 жылдары Қазақстан экономикасы жақсарған, алыс-жақын шетелмен байланыс орнатқан, дамушы мемлекет ретінде таныла бастады. Дәл осы 1998 жылы ел астанасы Ақмолаға ауысты. Бұл ел тарихындағы маңызды шешім, айтулы оқиға болды. Жаңа астанамен жаңа кезең басталды. Бұдан кейінгі барыс жылында да Қазақстан үшін тағы бір тарихи оқиға болды.  Иә, 2010 жылы  еліміз  ТМД мемлекеттері ішінде алғаш болып Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізді.

Жалпы барыс жылы еліміз тәуелсіздігін жариялағалы бері жақсы өтуде. Еліміз үшін де, облыс үшін де. Халқымыз барыс жылында барыс секілді айбар көрсетіп, барыс сияқты мінезді­лігінің арқасында мақсаттарына жетіп келеді.

Жаңа жыл әне-міне дегенше келіп қалды. Баршамыз жаңа жыл­дан жаңа қадам, жаңа бағыт, жаңа бақыт күтетініміз анық. Барыс жылында елі­мізді не күтіп тұр­ғаны, қандай өзге­рістер болатыны бар­­шамызға қызық. Алай­да жақсылық үзілмей, ел та­рихында жақсылығымен қалатын та­рихи жыл болады деп сенейік. Қош келдің, берекелі Барыс жылы!

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: