Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне сұхбат берді. Сұхбатында: «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», – деген сөзі көзіқарақты әрбір азаматқа, басшы-қосшыға мерзімді баспасөздің нақты ақпарат алуда, ақпаратты сараптауда орны бөлек екенін көрсетті Сонымен қатар ел Президентінің «Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді», – деуі елге қызмет етіп жүрген барлық мемлекеттік қызметшіге үлгі боларлықтай. Әйтпесе, «қазір газетті кім оқиды?» деп алақандағы смартфонды саусағымен сырғытып отыра беретін шенеуніктер де жоқ емес. Жасыратыны жоқ, технократтар дәуірінде жаңа медиа дәстүрлі медиамен бәсекелесіп келеді.
Жылдам ақпарат таратуда әлеуметтік желілер алға шықты десек те, бүгінгі талғампаз оқырманға «өтті-кетті» дегеннен гөрі журналистік зерттеу, сараптамалық мақалалар өтімді. Тағы бір айтарлығы, заманға ілесем деп арзан дүние қумайтын, өз ұстанымынан айнымайтын дәстүрлі медианың орны бөлек, қашанда бәсі биік. Бұл орайда ұлт болашағына қызмет ететін баспасөздің көтерер жүгі жеңіл емес. Өткен жылы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің ерен еңбегін атап айтты. «Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ», – деген сөзі қалам ұстаған қауымның жауапкершілік жүгін еселей түсті.
Жасыратыны жоқ, қазақ журналистикасының жүгін көтеріп, ұлт тарихын тасқа басқандай етіп, тарих қатпарында қалдыратын қазақ баспасөзінің орны жоғалмаса екен деген жанталасқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Өткен жыл соңында әлеуметтік желі арқылы газет оқуды насихаттау мақсатында бастама көтердік. Үн қосқандар «Дубай шоколадының» дәмін татуға асығып, трендтен қалмауға тырмысқандардай көп болмаса да, аз да болса саз болған пікірлер жүрек жылытты. Ең бастысы, газет оқитын қауым әлі де бар екен! Әсіресе, аға буынның оқуға құштарлығы, газет-журнал, кітап оқу арқылы оқуға құштар ұрпақ тәрбиелегеуі кейінгі буынға үлгі болса екен деп тіледік. Бастамаға үн қосқан Айжан Жұмабекқызы балалық шағының ең әдемі естелігі – үйге бір бума газет-журнал келетінін, әкесінің бәрін қалдырмай оқитынын жаза келіп «Газет-журнал, кітап оқитын қасиетіңізді бойымызға сіңіргеніңіз үшін рақмет сізге, Әке! Осы оқу арқылы жазуды үйрендім. Жазу арқылы журналистиканы сүйдім», – деп жазбасын түйіндеген екен. Сондай-ақ белгілі журналист Назерке Қазыбайқызы, Аружан Мұханбетқали да сөз қадірін ұғу әкенің оқуға, жазуға деген ықыласынан дарығанын жазыпты. Бұл мысал жас буынның тәрбиесіне бас қатырып, себебін даладан іздейтін ата-анаға ой саларлықтай. Бұл «Ұрпақ тәрбиесінде неден ұтылдық?» деген жиі қойылатын сұрақтың жауабы болды.
Міне, тағы бір жаңа жылға қадам басып, оқырманмен қауышып отырмыз. Қадірлі оқырман, сіздерге жақсы дүние ұсыну үшін еткен еңбегіміз нәтижесіз емес екеніне қуаныштымыз. Жылан жылы газеттің оқырман қатары көбейіп, 4000-нан астық. Мерзімді баспасөзден іздегенімді табамын деген зиялы, көзіқарақты оқырмандарымызды бұл жылы да жақсы жаңалықтармен, жаңа бастамалармен қуантамыз деген үміттеміз. 2025 жылы ұлт үшін атаулы даталар аз емес. Атап айтқанда, биыл Қызылорданың ел астанасы болғанына, ұлт атауын қайтарғанына ғасыр толып отыр. Сондай-ақ биыл – Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл. Оқырманға атаулы даталарды ескере отырып, тұщымды дүниелер ұсынуды мақсат еттік. Газеттің алғашқы нөмірінен бастап Абай шығармаларын насихаттауға арналған «Пайда ойлама, ар ойла…» атты жаңа айдар ұсынып отырмыз. Мұндағы мақсат – Абай шығармаларын оқуды насихаттау, абайтанушы ғалымдармен сұхбаттасу, пікір алмасу. Газетте басқа жаңа айдарлар, арнаулы бет қоспақ ойымыз бар. Бұған қолыңызға газет тигенде өзіңіз де куә боласыз деген ойдамыз. Ең бастысы, оқырманын іздейтін газет, сүйікті басылымын асыға күтетін оқырман бар. Ендеше, қазақ еліне құтты, жақсы жаңалыққа толы жыл болсын!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!