Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қош келдің, жаңа жылым!

22.03.2022

1194 0

Шынтуайтына келгенде біздің жаңа жыл енді келді. Жәй келген жоқ, күн мен түнді теңестіріп, күллі тіршілік атаулыға жан бітіре келді. Айналаға нұр шашып, көктемнің лебін сездіре келді. Осы бағаммен алғанда кешегі қаңтар қасіреті өткен жылдың еншісінде қалады. Олай болса табалдырықтан енді ғана аттаған барыс жылы елге құт пен бақ әкелсін. Қазақтың мәртебесі бәрінен үстем болсын.

Наурыз мейрамы – табиғаттың шын мәнінде жарасым табатын кезі. Бұл күні ағайын-туыс, дос-жарандар бір-бірінің үйін аралап, ренжісіп қалған жандар болса кешіріп, үлкені кішіге ізет, кішісі үлкенге құрмет көрсететін, төс қағыстырып амандасып, саулық сұрасатын шақ.

Наурыз мерекесі қарсаңында ел ішін Қыдыр аралайды деген де түсінік бар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ Самарқанның көк тасы еритін күн тектен-текке жыл басы саналмағаны белгілі. Бұл екі жүз не үш жүз жыл бұрын қолға алынған шаруа емес. Мұның тарихы тереңде. Кеңес үкіметі кезінде діни мереке саналып, көпке дейін тойланбай қалған. Тек туған елдің айбарын көтеріп, тәуелсіздікті жақындата түскен Желтоқсан оқиғасынан кейін екі жыл өткен соң мерекелене бастайды. Онда да қазақтың заңғар ұлдары Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шаханов бастама көтеріп, 1988 жылдан бері қайта тойлана бастады.

Ертеде осы күні ауыл ақсақалдары:

«Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» – деген тілек айтып, қырғи-қабақ болып қалған ағайын-туысты, дос-жаранды бір дастарқанға отырғызып, дәм таттырып, табыстырған.

«Қыдыр қонсын басыңа,

Жақсы келсін қасыңа» – деп отбасын құруға шамасы келмеген жалғыз жүрген жетімдерді екеу қылып, өз алдарына жеке отау еткен. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жақын туыстарына арнайы аманаттап тапсырған, күйеуі не әйелі өлген жандарды әмеңгерлік жолымен үйлендірген. Осылайша, жетімі мен жесірін жылатпаудың тамаша әрі тиімді жолын тапқан. Мұнымен қоса жастар жағы сауық құрып, алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Қазақтың көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, ақ сүйек секілді басқа да ойындары ойналады.

Мақаланы жазу барысында тұрғындардың да пікірін білген едік. Алдымен «Аray city» сауда үйінен шығып келе жатқан жас шамасы 65-70-терді алқымдаған ағамызды тоқтаттық.

– Ассалаумағалейкум, Наурыз мейрамы құтты болсын, аға!

– Уағалейкумассалам, рақмет айналайын!

– Аға, мен Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің журналисі едім.

– Содан қызық!

– Наурыз мерекесі жайлы жұрттың пікірін жинап жүр едік. Бұл – қандай мереке? Өскелең ұрпаққа беретін тағылымдық, тәлімдік мәні бар ма?

– А, қалқам, түсінікті. Мен Сәрсенбай Аманбайұлы деген осы Қызылорданың тұрғынымын. Наурыз – ырыс пен берекенің, молшылықтың мерекесі. Бұл – ұлтты жақсылыққа ұйыстыратын күн. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, тіршілік атаулы қайта түлер уақытта тойланатын бұл мейрамды бұрынғылар жылдың басы санаған. Осы сәтті пайдаланып, ел аман, жұрт тыныш болсын деген лебіз білдіргім келеді, – деп ағынан жарылды.

Мұнан соң біз аялдамада тұрған адамдарға қарай бардық. Бұл жерде орта жастағы қазақтың қызы тұр екен. Өзін Нұржамал Сұлтанова деп таныстырған ол ұлттық киімдерді тек наурыз мерекесінде ғана насихаттамай жыл бойы киіп жүрген дұрыс деген ойын білдірді.

Біз сол жерден такси тоқтатып, Small сауда үйіне қарай бет түзедік. Жол-жөнекей таксисті де әңгімеге тарттық. Сұлтан есімді жүргізуші өзі вахталық тәсілмен мұнай компаниясында жұмыс істейді екен. Демалыс күндері осылай қала көлемінде такси болып жүретін көрінеді.

– Тәуелсіздік алған жылы мектепке барған біздер Наурызды ерекше күтетінбіз. Ұлыс мейрамы мерекеленетін күні ауылға қарай тартатын едік. Ауылда қаладағыдан қызық болатындай көрінетін де тұратын. Ауылдағы стадионда бірнеше киіз үй тігіліп, емен де семен көп наурыз көже дайындалатын. Сен іш те мен іш деп жүргенде «жыл көжені тойып ішсең, тоқ боласың» деген үлкендердің сөзін естіп, екі-үш тостағанын тауысатынбыз. Бұл да бір қызық дәурен екен ғой, – дейді Сұлтан.

Межелі жерімізге жеткенде таксистке рақметімізді айтып, көліктен түсіп қалдық. Small-дың алдына қарай ентелеп асыға басып келеміз. Ішімнен алдымыздан біз сұраған сұраққа жауап беретін бір әжей кездессе деп тілеп келемін. Құдайдың құдіреті шексіз ғой, мен іздеген кейіпкер кездесе кетті.

– Амансыз ба, апа!

– Аман ба, айналайын!

– Апа, мен наурыз жайлы мақала дайындап жүрген журналист едім. Сізден наурыздың мәнмағынасын сұрауға келіп тұрмын, – дедім. Әлгі апам алғашқыда аң-таң болып, аңтарыла, «ойпырмай, бұл қалай болды?» дегендей таңырқай қарады. Сөйтті де – қарағым, шынымен менен пікір алатын болсаң, онда асықпай ана орындыққа отырайық, – деді. Келісе кеттім.

– Балам, менің есімім – Тұрашкүл. Жасым 78-де, – деп бастады сөзін. Жұрттың көпшілігі наурызды көже ішумен ғана шектеп қояды. Бұл дұрыс емес. Наурыздың өзіндік нақыштары бар. Алдымен Қыдыр ата беретін бата. Наурыз батасы Наурыз мерекесінің ерекше сипатын бата ашады десек қателеспеспіз. Мереке күні ақсақалдар үй-үйді аралап, бата беретін болған. Бұл батаның сөздері «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп өріліп жатады. Оның да өзіндік сипаты мен пәлсапалық маңызы бар. Батаның бұл түрі наурыз көже ішілгеннен кейін де беріледі. Жұртшылық қазыналы қарттардың батасына түгел қол жайып, іштей тілек тілейтін болған. Наурыз бата әз-мереке кезінде берілетіндігімен ерекшеленеді.

Бұдан кейін Наурызнаманы атап өту керек. Яғни шат-шадыман, ойын-сауық. Тойда ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт сайысы, айтыс, түрлі ойындар өткізіледі, көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Наурызнамада қыздар жиналып бас қосып, ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды.Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.Бұл айда наурызшешек деген гүл өседі. Бұл гүл майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. «Наурызшешек» «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін бағалы өсімдік. Сонымен қатар наурызек деп аталатын құс бар. Ол – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызегім келдің бе?» деп шақырып жем шашады. Наурызекті ешкім қумайды, үркітпейді. Енді барып наурыз көже жайлы айтайық. Наурызкөже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурызкөженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор, – деді апамыз. Бір кісіден осынша мәлімет алған біз әрі қарай ел аралауды тоқтатып, апамызға ризашылығымызды білдірдік.

Кімнен сұрасақ та Наурызды бірлік пен татулықтың мерекесі деп айтады. Наурыз жаңа күннің бастауы десек, онда жылдың да бастауы екені айдан анық. Қалай деген күнде де табиғат жарасым тапқан кез тіршіліктің бастауы болып қала бермек.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: