Сәрсенбі, 12 қараша, 10:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

ҚҚС, кедендік шығындар: Электромобиль қымбаттай ма?

12.11.2025

55 0

Фото: BAQ.KZ коллаж

Қазақстанда экологиялық көліктерге деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Алайда сарапшылар электромобильдердің ел ішінде тұрақтап қалуы үшін нақты қолдау шаралары қажет екенін айтады. Бүгінде салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі салдарынан электрокөліктер шетелге ағылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Энергия қуаты жеткілікті ме?

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Беларусь урбанистерінің зерттеуін негізге ала отырып, 2040 жылға қарай Алматы халқының саны 8 миллион адамға жетуі ықтимал екенін айтты. Оның пікірінше, мегаполистегі экологиялық жүктемені азайту үшін такси жүргізушілерінен бастап шенеуніктерге дейін барлығы электромобильге көшуге тиіс.

KEGOC мәліметінше, еліміздің энергия қуаты қазірдің өзінде электрокөліктердің дамуына жеткілікті. Яғни электр тапшылығы жоқ, — деді депутат.

ҚҚС жеңілдігі талқылануда

Сергей Пономарев қазіргі таңда Қорғас кеден бекетінде жүзге жуық электромобиль жиналып қалғанын айтты.

Электрокөліктердің тез дамуына әсер еткен негізгі фактор – олардың бағасы. Бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр, нақты шешім қабылданған жоқ, — деді ол.

Ал келесі жылдан бастап қосылған құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі электромобильдің тиімділігін төмендетіп, бензин көліктеріне сұранысты арттыруы мүмкін.

Пономаревтың айтуынша, елдің негізгі басымдығы – әлеуметтік сала.

Қазақстан — әлеуметтік бағыттағы мемлекет. Табыстың 60 пайызы әлеуметтік төлемдерге кетеді. Бұл тақырып талқыланары сөзсіз, бірақ оның оң шешіміне күмәнім бар, — деді ол.

Сарапшылардың пайымынша, инфрақұрылым мен жүйелі қолдау тетіктері жетіспейінше, электромобиль нарығы баяу дамиды.

Электромобиль: жеңілдіктер кезеңі аяқтала ма?

Автосарапшы Алексей Алексеев электромобиль нарығындағы соңғы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, нөлдік кедендік баж салығы өз нәтижесін беріп, халықтың экологиялық көліктерге қызығушылығын арттырған. Алайда жеңілдіктердің тоқтауы мен бағаның өсуі бұл қарқынға кері әсер етуі мүмкін.

Алексеев бұл бастаманы экологиялық бағыттағы үлкен қадам деп бағалады.

Бұл шешім халықты бензин көліктен экологиялық таза көлікке көшуге ынталандыру үшін қабылданды. Сол кезде зарядтау бекеттері әлі жеткіліксіз еді. Бірақ 2023 жылы жағдай өзгерді: қытайлық электромобильдер нарыққа тез кіріп, сұраныс артты. Бір сала екіншісін жетеледі, — дейді сарапшы.

Ол кезде қосымша жеңілдіктер де болған — қаладағы тегін автотұрақтар мен Шымбұлаққа тегін кіру. Жыл сайын 15 мың көлікке квота белгіленген еді.

Биыл бұл квота қазан айының соңына дейін толып қалды. Мұнда Ресей факторы да әсер етті: оларда утилизациялық алым өскен соң, ресейліктер Қазақстаннан көлік сатып ала бастады, – дейді Алексеев.

Мемлекет жаңа энергия көздерін қолдауы керек пе?

Сарапшының ойынша, мемлекет жаңа энергия көздерін қолдауы қажет. Экологиялық саясат тек электромобильдерге ғана емес, гибрид көліктерге де бағытталуы тиіс. 

Жеңілдіктер тек жеке тұлғаларға ғана емес, компанияларға да берілгені дұрыс. Себебі олар сервистік және кепілдік қызмет көрсетеді. Бұл экологияға да, автопарктің жаңаруына да пайдалы болар еді, — дейді ол.

Ал жеңілдіктердің нәтижесі нарыққа біршама әсер еткен.

Нөлдік баждың арқасында электромобиль шамамен 12%-ға арзан болды. Баға төмен болған сайын сұраныс өседі. Бұл шара өз тиімділігін көрсетті, — дейді Алексей.

Алайда сарапшының айтуынша, 2025 жылдан бастап баға 16%-ға дейін көтерілуі мүмкін, өйткені квота ұзартылмаған.

Ресейлік реэкспорт, салық және мемлекеттік субсидия

Көптеген көлікті ресейліктер сатып алды, өйткені 1 қазаннан бастап Ресейде жаңа баж салығы күшіне енді. Бұл заңсыздық емес, тек мүмкіндік. Соңғы екі жылда Қытайдан шыққан көліктер Қазақстан мен Қырғызстан арқылы Ресейге транзитпен өтіп келеді. Бұл ешкімге құпия емес, — деп түсіндірді сарапшы.

Алексеевтің айтуынша, Қазақстан бұл бағытта нақты қаржы жұмсаған жоқ.

Бұл — субсидия емес, тек кедендік жеңілдік. Ал Еуропада мемлекет электромобиль сатып алушыларға 10 мың еуроға дейін өтемақы төлейді. Норвегияда сатылып жатқан көліктердің 90%-ы — электромобильдер, — дейді ол.

Электромобильдің артықшылығы мен шектеуі

Электромобильдер ауаға түтін шығармайды, экологияны ластамайды. Бірақ электр энергиясы көмір арқылы өндірілетін елдер үшін бұл толық шешім емес. Дегенмен бұл — үлкен қадам, — дейді Алексеев.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда әзірге «жасыл» көліктер өндірісін іске қосу жоспар жоқ.

Ешбір компания немесе зауыт электромобиль өндірісін іске қосуға дайын емес. Өйткені бұл қымбат және сұранысы аз нарық, — деді ол.

Қазір керісінше, гибрид көліктерге сұраныс артып отыр. 

Гибридтер көпшілікке ыңғайлырақ, бірақ оларды өндіру де әзірге жоспарға енбеген, — деді Алексеев.

Нөлдік баж сақталады, бірақ ҚҚС қайта енгізіледі – Эдуард Эдоков

Қазақстанның тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков нөлдік баж салығының сақталатынын, бірақ ҚҚС қайта енгізілетінін айтты.

Көп адам мұны жаңа жеңілдік деп ойлайды, бірақ шын мәнінде нөлдік кедендік ставка 2015 жылдан бері бар. Бұл Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімен бірге енгізілген норма. Сол ереже сақталады. Алайда бұрынғыдай ҚҚС-тан босатылмаймыз. Биыл 15 мың көлікке арналған квота толып қалған соң, енді ҚҚС төлеу міндетті – биыл 12%, келесі жылдан бастап 16% болады, — деді сарапшы.

Эдоковтың айтуынша, электромобиль бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етеді:

  • ҚҚС енгізілуі;
  • Қытайдың экспорттық саясатына түзетулер;
  • және Қытайдағы мемлекеттік өндіріс саясатының өзгерісі.

Өкінішке қарай, электрокөліктердің бағасы өседі, бұл – шындық, — деді ол.

Бұрын тиімді болған

2023 жылы электромобиль сатып алу өте тиімді болды. Сол кезде сатып алушылар түрлі салықтар мен алымдардан толық дерлік босатылған еді.
Мәселен:

  • Кедендік баж — 0;
  • ҚҚС — 0;
  • Акциз — 0;
  • Утилизациялық алым — 0;
  • Алғашқы тіркеу ақысы — шамамен 1000 теңге;
  • Көлік салығы — 0.

Мен өз электрокөлігімді дәл осындай шартпен сатып алдым. Тек техпаспорт пен нөмір үшін ғана аздаған төлем жасадым», — деп еске алды Эдуард Эдоков.

Сарапшылардың айтуынша, электромобильге қатысты жеңілдіктер мен қолдау шаралары қысқарса, нарықтың дамуы бәсеңдеуі мүмкін. Экологиялық көліктерді дамыту үшін мемлекет тарапынан тұрақты субсидия мен инфрақұрылымдық қолдау қажет. Әйтпесе, электромобильдерге қызығушылық артқанымен, олар ел ішінде тұрақтамай, сыртқа кетуде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: