Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жерлеу рәсімдерін атқаруға кірісті. Себебі бүгінде зират мәдениеті сақталмайды, шариғатқа сай келмейтін бейіттер тұрғызылады
Адамдар марқұмға жақсылық жасаймыз деп, зәулім мазарлар салады, айналасын қымбат гранитпен қоршап қояды. Бәсекелестік пен ысырапшылдық көбейді. Бірақ оның марқұмға сауабы жоқ. Ал мүфтияттың жанынан ашылған «Qamqor-Sharapat» орталығы ысырапшылдыққа жол бермей, зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіруді көздейді. Зират шариғатқа және заман талабына сай болады. Ол жерде ақпараттық технологиялар да қолданылады.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының зиратында арнайы жер учаскесі бөлінді. Осы секторда шариғат талаптарына сай бейіттер көтеріле бастады. Барлық қабір біркелкі болады. Марқұмның жатқан жері таспен қоршалады, адамдар жүретін жерге де тас төселеді. Сосын басына құлпытас қойылады. Бұдан бөлек мүфтият тың бастаманы қолға алып отыр. Құлпытасқа лазермен QR-код қашалып жазылады. Соны сканерлеу арқылы марқұм болған адамны суретін де, өмірбаянын да көруге болады.
«Біз осыны бірінші болып енгізіп жатырмыз. Бүгінге дейін біраз елдің тәжірибесін зерделедік, ондайды әлі кездестірген емеспіз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында ақпараттық технологияларды меңгерген жас әрі білікті мамандар бар. Олар ұсыныс жасағаннан кейін пәтуа бөлімі қарастырып, осы бастаманы қолдады. Басында дінге басқа бір жаңашылдық енгізіп қоймаймыз ба деген қауіп болды. Бірақ марқұмның барлық өмірбаянын тасқа жазғанша, QR-код арқылы ақпараттық базаға салған дұрыс деп шештік. Оған біраз мәлімет те сияды. Сосын кез келген адам ұялы телефонымен марқұм туралы барлық ақпаратты фотосымен бірге шығара алады. Біз шариғаттың талабын сақтап, өркениет көшінен де қалмауымыз керек», – дейді «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Қамалжан Тұрдыбаев.
Оның айтуынша, жер учаскесі орталықтың иелігіне жатпайды. Сондықтан басқа да салттық қызмет көрсету орындары қабір қаза алады. Бірақ мүфтият ұсынған тәртіп сақталуы шарт. Сонда ғана бірізділік болады
«Бұл жерде мүфтият «Qamqor-Sharapat» орталығын ақша табу мақсатында құрып отырған жоқ. Біз зираттағы бәсекелестікті тоқтатуды және ысырапқа жол бермеуді көздейміз. Халықты бірізділікке түсіруіміз керек», – дейді Тұрдыбаев.
Қазіргі кезде астанада бейіт көтерудің орташа бағасы – 500-600 мың теңге. Зираттың ішінде қабірдің басын гранитпен 20 миллионға қаптап қоғандар да бар.
«Алла тағала: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер», – дейді. Жақынымыз қайтқан уақытта адам баласы оның атынан жақсылық жасағысы келеді. Дегенмен жақсылықты да шариғат талаптарымен жасасақ дұрыс болады. Дүниеден өткен марқұмның басына үлкен зәулім мазар салсаңыз, қымбат-қымбат таспен қоршасаңыз, нағыз ысырапшылдыққа жол бересіз. Бұл ысырапшылдыққа марқұм себеп болып қалады. Сондықтан да ол марқұмға ауыр тиеді», – дейді Әл-Ғани мешітінің наиб имамы Хамит Мырзагелдиев.
Ал мүфтият арқылы жасалған жерлеудің ақысы қатты қымбат емес. Бір адамның басын көтеру 270-300 мың теңгеге шығады.
«Мысалы, осы жерге жақын туысын жерлеген бір кісілер қаланың орташа бағасы – 600-700 мың теңгеге дайындалған ғой. Сосын біздің көмегімізге жүгінгеннен кейін қалған ақшасына бір сиыр алып, етін мұқтаж адамдарға таратыпты немесе азық-түлік алып, мұқтаж отбасыларға беріп жатыр. Міне, ол марқұмға үлкен сауап болып жетеді, иншалла. Шетелде түрлі мұсылман мемлекеттерін қарап отырсаңыз, үлкен-үлкен зәулім үйлерді көрмейсіз. Төмпешік тұрады, оның жанында тасы ғана тұрады», – дейді Мырзагелдиев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!