Барша мұсылман жұртшылығының ұлық мейрамы – Құрбан айт басталды. Бұл күні барлық реніштер кешіріліп, ақ дастархан молынан жайылады. Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбан шалу. Мүмкіндігі бар әрбір адам осы міндетті ғибадатты орындап, шалынған малдың етін мұқтаж жандарға үлестіреді. Облыста мереке қарсаңында дайындық толықтай жүргізілді. Облыстағы аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға тегін құрбан етін үлестіру мақсатында арнайы тізім жасақталды.
– Барша мұсылмандар үшін қасиетті саналатын құрбан айт мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мерекесі қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан дайындықтар басталды. Биыл құрбан шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта өтеді. Онлайн форматта жүргізу үшін ҚМДБ-ның qurban2022.kz сайты іске қосылды. Осы арқылы құрбандық шалу малына тапсырыс беру және мұқтаж жандар құрбандық етін алу үшін осы сайтқа өтініш бере алады. Айт күндері мал бағасын шарықтатпауға және азық-түлік бағасын көтермеуге тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Құрбан айт мерекесінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында мешіттер мен белгіленген құрбан шалу орындарында құқық қорғау қызметкерлері рейд жүргізеді. Жалпы бекітілмеген орындарда оның ішінде мешіттердің аумағында мал шалуға тыйым салынады.
– Құрбан айт күндері мұсылмандар үшін ең жақсы амал құрбан шалу болып табылады. Облыс бойынша барлық мешіттерде таңғы 6-да айт намазы оқылады. Одан кейін құрбан шалу рәсімі басталады. Мұқтаж жандарға теңдей мал етін үлестіру үшін «Бақытты отбасы» орталығы арқылы тізім жасақталды. Қала бойынша 2000-нан астам отбасының тізімі дайындалды, – деді ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов.
Айт мерекесінде тазалық сақталғаны да дұрыс. Сондықтан да биыл санитарлық талапты сақтау мақсатында құрбандыққа шалатын малды союға арналған арнайы орындар әзірленген. Қаламыздағы Белкөл кентінде мал союға арналған 2 қасапхана қызмет көрсететін болады. Сондықтан да осы талапты сақтаған жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін уақытында тарату мақсатында тиісті еріктілер тобы жасақталған. Сондай-ақ егер де ерікті ретінде «құрбандық еттерін таратуға көмек беремін» деген ізгі ниетті азаматтар болса қаламыздағы мешіттерге барып, хабарласуға болады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!