Қызылорда облысында соңғы жылдары түрлі құрылыс нысандары бой көтеріп, қала келбеті көркейе түсті. Бұған құрыш қолды құрылысшылар қауымының қосқан үлесі орасан. Биыл пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 10 айдың қорытындысымен 766,7 мың шаршы метрге жетіп, көрсеткіш 110 пайызға орындалды. Жалпы жыл соңына дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 870 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек су жаңа стадион, “Келешек” мектептері, тағы сол сияқты нысандар биылғы жылдың еншісіне бұйырды. Он айда атқарылған өрелі бастамаларды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев баяндап берді.
– 2025 жылға барлығы 166,8 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға облыс көлемінде 96 жобаның құрылысын жүргізу және 2980 пәтер сатып алу жоспарланған. «Келешек мектеп» Ұлттық жобасы аясындабарлығы 6900 орындық 10 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қызылорда облысы республика бойынша Президент тапсырмасын алғашқылардың қатарында, жоспарланған 10 келешек мектеп құрылысын толық аяқтап ел игілігіне табыстады. Бұған қоса білім саласында физика-математикалық мектеп құрылысы, Музыкалық колледж, Сұлтан Бейбарыс пен Назарбаев көшесі қиылысындағы Шығармашылық инновациялық орталығының құрылысы және Шиелі ауданынан 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы аяқталып,ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ, бүгінгі күнге Арал ауданы Жалаңаш ауылынан 150 орындық мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Денсаулық сақтау саласында құны Сырдария өзенінің сол жағалауында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік онкологиялық бөлімшемен көп бейінді аурухана құрылысы қарқынды жүруде. Арал және Қазалы аудандарында орталық ауруханаларды реконструкциялау мен Қамқорлық орталығына бейімдеу жұмыстарынжыл соңына дейін аяқталатын болады. Шиелі мен Жаңақорған ауданында орталық аурухананы реконструкциялау және Шиелі кентінде инфекциялық аурухана құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Мәдениет саласы бойынша сол жағалаудағы Тарихи өлкетану мұражайы мен Арал және Қазалы және Сырдария ауданындағы Руханият орталықтары осы жылдың мамыр айында пайдалануға қабылданса, Достық үйінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал спорт саласында өткен жылы стадион құрылысы басталған болатын. Осы 11 мың орындық стадион құрылысы салтанатты түрде қазан айында мерзімінен бұрын аяқталып, ел игілігіне табысталды. Спорт саласын дамытуда облыстық бюджет есебінен «Қызылорда Арена» спорт кешенінің және «Қазақстан Халқына» қоры арқылы келісім негізінде сол жағалаудағы спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде,- деді Ерлан Кәрімбекұлы.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!