Бұдан былай, құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды жобалау мен салуға рұқсат берілмейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, бұрын тек қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал нақты жоспарлар жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексеріссіз қабылданатын. Соның салдарынан құрылыс нормалары жиі бұзылып, ретсіз және заңсыз нысандар бой көтерген жағдайлар болған.
«Осы олқылықты жою үшін 2024 жылдан бастап барлық әзірленіп жатқан немесе түзетілетін қала құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары арнайы сараптамадан өтеді. Аталған шара сапасыз әрі заңға қайшы жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, бұдан былай, құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды жобалау мен салуға рұқсат берілмейді», – дейді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы қабылданған шаралар бірыңғай цифрлық қала құрылысы жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын, Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отырғанын айтты.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары «Doing Business» көрсеткішін жақсартуға бағытталған шаралардың салдарынан сәулет пен құрылыс салаларындағы мемлекеттік бақылау деңгейі төмендеген. Бүгінде құрылыс нормаларын сақтау міндеті тікелей сала қатысушыларының өздеріне жүктелген.Нәтижесінде құрылысқа толыққанды бақылау мен қадағалау жүргізілмейді.
Осыған байланысты, жаңа Құрылыс кодексі аясында бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленді. Мысалы, өткен жылдан бастап «жедел әрекет етудің» жаңа тетігі енгізілді.
«Қадағалаудың жаңа фарматы заң бұзылған жағдайда жедел шара қолдануды көздейді. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстары тоқтатылып, лицензия мен өзге де рұқсат құжаттарын қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Құрылыс сапасын қатаң қадағалау үшін бақылау органдарының қатысуымен құрылыс барысы «жоспарлы инспекциялау» арқылы басынан бастап, пайдалануға берілгенге дейін тексерілетін болды.
Енді профилактикалық бақылау қашықтан, яғни объектіге бармай-ақ жүргізілетін болады. Бұл үшін мемлекеттік органдардың деректері мен ақпараттық жүйелер пайдаланылады, қажет болған жағдайда дереу шара қабылданады.
Сонымен қатар, әкімдіктердің жұмысына да бақылау артып, заң бұзуды алдын алу шаралары күшейтіледі. Құрылыс кодексі жобасында нысанды қабылдау кезінде ГАСК пен төтенше жағдай органдарының міндетті түрде қатысуы қарастырылған. Олар нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы қорытынды береді», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Жаңа заңнамалық өзгерістер құрылыс циклінің басынан аяғына дейін мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздеп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!