eLicense.kz порталында рұқсат беру құжаттары мен лицензиялардың мерзімі аяқталуға жақындағанын алдын ала ескертетін жаңа SMS-хабарлама қызметі іске қосылды. Жүйе құжаттың қолданылу мерзімі бітуіне 30 күн қалғанда пайдаланушыға автоматты түрде хабарлама жібереді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұған дейін азаматтар мен кәсіпкерлер құжаттардың мерзімін өздері бақылап отыруға мәжбүр болатын. Ал жаңа сервис мемлекеттік қызметтермен жұмыс істеудің тиімділігін арттырып, мерзімнің өтіп кетуінен туындайтын тәуекелдерді азайтады.
SMS-хабарламалар қолданылу мерзімі белгіленген рұқсат беру құжаттары мен лицензияларға қатысты қызметтер үшін ғана қарастырылған. Хабарламалар электрондық үкіметтің SMS-шлюзі арқылы 1414 қысқа нөмірінен ресми ескерту болып жіберіледі.
Хабарлама өтініш беру кезінде көрсетілген телефон нөміріне жолданады. Нөмірдің дұрыстығы мобильді азаматтар базасымен (БМГ) алдын ала тексеріледі. Осы тетік арқылы пайдаланушылар өз құжаттарын уақытында жаңартып, қызметінің тоқтап қалуына жол бермейді.
Сонымен қатар порталда рұқсат беру құжаттарын проактивті форматта қайта рәсімдеу мүмкіндігі бар. Бұл рәсім пайдаланушының жеке деректері немесе ұйым атауы өзгерген жағдайда автоматты түрде, мемлекеттік органдардың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Проактивті формат пестицидтерді тіркеу, тұқым өндірушілерді аттестаттау, экологиялық рұқсаттар беру және сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізіліміне қатысты бірқатар мемлекеттік қызметтерге қолданылады.
Жаңа қызмет Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
