«Арал ауданында мал қырылуда» деген ақпарат желдей есті. Малдың жайын алдымен сұрайтын қазақ емеспіз бе, бұл жағдай елді елең еткізді. «Мал неге қырылды?» деген сауал көп көкейінде екені даусыз. Мәселенің мәнісі өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Соңғы жылдары Арал өңірінде ауа райының қолайсыздығы салдарынан қуаңшылық жайлап, жайылымдық жерлер азайған. Әрине, бұл қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізуде. Себебі мұндағы жергілікті тұрғынның басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады.
Бүгінде ауданға қарасты 8 ауылдық округ тұрғындары қыстан аман шыққан 159 сиыр мен 321 бас жылқы және 1 түйеден айырылып отыр. Қорегін Жер Анадан таба алмай әлсіреген мал тартылған көлшіктің табанындағы балшыққа батып, шыға алмай қалған. Десе де ветеринария мамандары мен арнайы зертханашылар аудандағы елді мекендерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Олар өлген малдан сынама алып, аурудың бар-жоғын анықтауда. Аталған зерттеу нәтижесі бір айдан кейін дайын болмақ.
– Қазіргі кезде Арал ауданында 931 мал шаруашылығы бар. Негізі шаруашылық қорында қыстан шыққаннан соң, кем дегенде 500 бау шөп болу керек. Алайда биыл небәрі 100-200 бау ғана артық шөп қалды. Сондықтан шаруа қожалықтарында үлкен келеңсіздік орын алып отыр. Негізінде біздің аймақта суармалы жердің аз болуына байланысты шабындық жерлердің шөбі сирек және құнарсыз болып келеді. Осыған орай аудан шаруашылықтары мал азығын көршілес Ақтөбе облысы мен өзіміздің күрішті аудандардан сатып алуға мәжбүр. Бүгінде аудан әкімдігі аймақта орын алған қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялаудың заңдылықтары туралы мәселелерді қарауда. Атап айтсақ, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы өндірілген жоңышқа шөбінің бірінші орамы біздің өңірге тасымалданбақ, – деді аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев.
Келеңсіз жағдайдың алдын алып, мал шығынын тоқтату мақсатында түрлі шаралар қолға алынбақ. Қазір Арал ауданына жем-шөп жеткізілуде. Бүгінгі күнге дейін 116 тонна жоңышқа жеткізілсе, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жіберілмек. Сондай-ақ Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және аймақтағы аудандармен келісімдер жасалуда. Ал алдағы сенбіде аудан орталығында Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Онда жем-шөптің бағасын нарықтағыдан 10-15 процентке дейін арзан сату көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде Арал ауданының мал шаруашылығына оң серпінін тигізбек.
Брифингте облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Тілеулеева мал шаруашылығын қолдау мақсатында «Ауыл шаруашылығы малдың азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату» бағытын қаржыландыру жолдарына тоқталды. Былтырдан бастап облыстық бюджеттен қосымша 730 млн теңге бөлініп, 588 шаруашылықтың мал азығына жұмсаған шығындары ішінара қаржыланған. Оның ішінде 42 өтінім Арал ауданына қарасты шаруашылыққа берілген.
Несібесін ата кәсіптен тапқан елдің үлкен уайымы бұл. Мал басын азайтып алмас үшін нәтижелі шара қабылдау қажет.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!