Дүйім түркі жұрты Ұлыстың ұлы күнін тек Наурыз мерекесі деп емес, күн мен түннің теңелуі, тіршіліктің жаңаруына себепші маңызды дата деп санайтыны белгілі. Бұл мереке – жеті түрлі дәмнен құралған Наурыз көже әзірленіп, әр шаңырақта ұлттық болмыстың белгісі байқалатын шақ. Қазақ жерінде пандемияға дейін Наурыз мерекесі жыл сайын кең көлемде тойланып, көшелер мен алаңдарда үйлер тігіліп, мерекелік концерттер өтеді. Ұлттық спорттық ойындар ойналып, ән-жыр айтылып, қолөнер шеберлері бұйымдарын көп назарын ұсынуға мүмкіндік алады. Ал өзге халықтар аталған мейрамды қалай қарсы алады? Түркі әлемінің қадірлі мерекесінде нендей өзгеріс бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Түркі халықтары «Невруз», «Гүл гардон», «Нардуган», «Патрих» деген атаумен тойлайтын мереке әр елде түрлі уақытта өткенімен негізгі мән-маңызы мен өзегі жаңаруға, табиғатпен үйлесімде болуға үндейді. Жалпы, бес мың жылдан астам тарихы бұл мейрамды Орта Азия халықтары ғана емес, әлем халқы үзбей тойлап келеді. Себебі түркі әлемінде Наурыз мерекесі көктем мен тіршіліктің жандануы, несібе мен ырыстың, бақыт пен қуаныштың айнымас белгісіне айналған. Мейрамда халық бір-біріне жақсылық тілеп, мейірімді болып, тіпті мұқтаж жандарға көмек көрсетуге асығады. Әр елдің тойлау үрдісі, ас-тағамы өзге, әрине. Алайда бәріне ортақ белгі – жаюлы дастарқан, көңілді шара, жиылған жұрт.
Қырғыз ұлты да аталған мерекеге ерекше мән беріп, ел көлемінде тойлауды жолға қойған. Шекаралас көршілер мейрамда дастарқан жайылып, май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сумелек (сүмөлөк) әзірлейді. Тағам ел сенімінде «су» мен «мелек», яғни періште мағынасын береді. Сондықтан болар, айыр қалпақты ағайын бұл тағамды жәннат тағамы, қасиетті ас деп бағалаған. Сонымен қатар дастарханда мереке нышаны көже тағамы да қалыс қалмайды. Адамдар мереке қарсаңында қарыздан құтылып, бір-бірімен татуласуға тырысады. Тіпті мейрам күні дүниеге келген нәрестеге «Нооруз» деп есім беру де кездеседі. Айыр қалпақты ағайындар елінде бұл мейрам айрықша тойланады. Қырғызстанда да мерекеге арналған жалпыхалықтық серуен, мерекелік концерт пен ұлттық ойындар өткізіледі. Қырғыздардың мерекені тойлау әдеті қазақ ұлтымен шамалас екенін аңғару қиын емес.
Өзбектер де Наурыз меркесін кең көлемде атап өтіп, тойлауға тырысады. Себебі ала шапанды ағайын Наурызды қалай күтіп алса, жыл толығымен солай өтеді деп сенеді. Сондықтан жақсылық жасап, туған-туыс, дос-жаранға сыйлық үлестіріп, берекелі тірлік жасауға асығады екен. Негізі Өзбекстанда көктемгі Наурыз мерекесі 21 наурыз күні тойланады. Ел көлемінде ұлттық жәрмеңкелер мен халықтық шерулер, ат шабыс ұйымдастырылып, тіпті ит және әтеш шайқасы да өтеді. Халық ұлттық киім киіп, ән айтып, би билейді.
Өзбектер де мереке күндері дастарқан жайып, ас әзірлеуге дағдыланады. Бидай ұнынан сумаляк самса мен хош иісті палау, халим нишалда бәліші секілді тағамдар мереке символына айналып үлгерген. Мұнда да мейрамда қазанды толтырып тамақ пісіру үрдісі бар. Мұны жергілікті жұрт «қазан толды» деп атап, несібе молаяды деп түйген.
Түрікмендер де көктем мейрамы түрлі наным-сенімге толы. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған өңір Наурыздағы ауа райына ерекше көңіл бөледі. Мысалы, егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа-райы маусым айына дейін созылады немесе Наурызда қар-жаңбыр жауса, жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады деген болжамға халық сеніммен қараған. Наурыз мерекесінде алғашқы жаңа маусым басталады. Яғни сол мерзімде шопандар қасқырларға шабуыл жасайтын алабайлар шайқасын ұйымдастырады. Түркменстанда «Наурыз Байрамы» кезінде Әйелдер күні, Аналар күнін атап өтеді. Бұл қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру мақсатында қолға алынса керек. Бұл күні әйелдер емес, ұлттық киім киген ерлер ас әзірлейді екен.
Түркі әлемінің бір бөлшегі – Түркия елінде де көктем мерекесі «Султаны Невруз», «Невруз Султан» секілді атаумен белгілі. Мұнда да Наурыздың алғашқы күні адам не көрсе немесе байқаса, жыл бойы сонымен бірге болады деп жориды. Салт-дәстүр бойынша бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты қолданылады екен. Сондықтан Түркияда мереке қарсаңында алдын ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасау қалыптасқан.
Бір қызығы, Түркияның Наурыз мейрамынының негізгі белгісі қасиетті от болып есептелген. Бүгінде бұл белгінің орнын отшашулар (фейерверк) алмастырылып келеді. Сонымен қатар мерекеде бөрек, юфка, леблеби, локум секілді тәттілер әзірленіп, фольклорлық аспаптар тобы өнер көрсетеді. Түріктер 23-наурызды – Наурыз мерекесінің алғашқы күні ретінде атап өтеді. Ол күні халық таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киіп, зират басына барып дұға жасайды. Кейін бәрі бір дастарқан басына жиылып ас ішеді.
Қазақтар мерекеде алтыбақан құрса, түріктер ағашқа әткеншектер құрып, балалар «байрақ» жазуы бар батпырауықтарды ұшырады. Мейрамда туыс-жақындары мен көршілер бір-біріне қонаққа барып, әулеттің үлкендерін құттықтайды.
Ирандықтар көктем мерекесін 13 күн тойлайды. Алғашқы бес күнін дос-жаран, туыс-жақындарымен бірге наурызды күтіп алуға арнаса, тоғызыншы күн Шахрйаран Навруз есебінде тойлайды. Ал он үшінші күн Сизда бедар ретінде атап өтеді. Дәстүр бойынша ирандық әйелдер мейрам қарсаңында денсаулық пен сұлулық тілеп, оттан секіретін болған. Ал ерлер болса, қызыл түсті киім киіп, беттерін қара күйе немесе қара бояумен бояп, қала көшелерінде серуендейді.
Бұдан өзге Әзірбайжан, сондай-ақ Ресей мен Қытайдағы этникалық ұйғыр, қазақ, өзбек, дүнген халықтары да Наурыз мерекесін атап өтеді. Бұл жерде де мерекелік киім киіп, ән салып, би билеп тойлауды дәстүрге айналдырған. Мұнда да мерекеде жақсы амал жасап, жақындарын қуантуға, көмек беруге асығады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!