Қызылорда қаласында қысқы маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов «Қызылорда тазалығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, мекеменің қысқы кезеңге әзірлігін көрді.


Қыс айларында қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз ету – тұрғындардың қауіпсіз қозғалысының кепілі. Осы бағытта «Қызылорда тазалығы» мекемесі қысқы маусымға жан-жақты дайындық жүргізген.



Бүгінде қар тазалау, көктайғаққа қарсы қоспа себу, көшелерді тазарту және жол бойындағы қалдықтарды шығару жұмыстарын атқаратын заманауи 60-қа жуық арнайы техника толықтай тексеруден өтті. Өзге де техникалар қысқы режимге бейімделіп, қажетті жанар-жағармай және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілді.
Қала көшелерін мұз басу мен көктайғақтан қорғауға 2 500 тоннаға жуық құм мен тұз араласқан арнайы қоспа дайындалды. Сонымен қатар, қыс мезгілінде үздіксіз қызмет атқаратын 100-ге жуық қызметкер әр учаскеге бөлініп, кезекшілік кестесіне сәйкес жұмыс істейтін болады.
Қала әкімі Нұржан Ахатов мекеменің дайындығын көріп, жауапты сала жетекшілеріне қысқы маусымға жұмысты ұйымдастыруда тәртіп пен жауапкершілікті арттыруды тапсырды.


Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!