Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдағы жылу беру маусымы мен егін-терім науқанына байланысты мәжіліс өткізді.
Жиында облыстық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері жылу беру маусымына дайындық, әлеуметтік нысандардың құрылысы және күзгі егін жинау жұмыстары туралы баяндады.
Күз келісімен ерте көктемде басталған еңбектің жемісін теру науқаны қызады. Қазіргі таңда егіс алқаптарындағы егінді ысырапсыз жинау міндеті тұр. Бұл жұмыс уақытылы жүзеге асуы тиіс. Тиісті сала басшысына облыс әкімі мұны нықтап тапсырды.
Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың қысқы жылу беру маусымына сақадай сай болуы, қажетті отын қорын қамтамасыз етуді қадағалауды облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына тапсырды. Қыс маусымында жылу құбырларында ақау болдырмай, халыққа қажетті қатты отынды мезгілінде жеткізуді міндеттеді. Сонымен бірге қала мен елді мекендерді абаттандыру, көркейту мен санитарлық тазалықты қадағалау сынды жұмыстар жайы да талқыланды.
Мәжілісте аймақ басшысы өңірде салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен жол құрылысына ерекше мән беріп, жұмыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтау керек екенін де ескертті. Биыл қалада бірқатар әлеуметтік нысандардың іргесі қаланды. Әсіресе «Неке сарайы», «Анаға тағзым» орталығы, көпқабатты үйлердің қасбетінің, аулалардағы жаңғыртулар, көшелердің кеңеюі қызылордалықтардың көңіл-күйіне оң әсер етуде.
Қазіргі таңда Қызылорда облысының 85 жылдығы мен қала күніне орай тарту етілетін нысандар құрылысы да аяқталып қалды. Бұл ретте облыс әкімі жұмыс қарқынын бәсеңдетпей жоспарланған межеге жету үшін барлығы жіті қадағалауда болуы керектігін баса айтты. Ал мәжілісте міндеттелген тапсырмалардың орныдалуын облыс әкімінің орынбасарлары қадағалайтын болады.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!