Облыстық тарихи өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зертттеу бөлімі қызметкерлері «Қышқала» қалашығында кешенді жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына қатысып, қаланың өз заманында шаруашылықтың белгілі бір биігінде болғандығына көз жеткізді. Қойнауына орта ғасыр тарихын сақтап, күрек тиген жерден табылып жатқан қасиетті топырақтан аса шеберлікпен жасалған қыш бұйымдардың бөліктері бізді тәнті етпей қоймады.
Қышқала тұрағынан табылған глазурьлі шағын қыш құмыра көлемі мен пішіні жағынан бізге өз қызметі жайлы ой салды. Құмыраны қолға алып үңіле келе, емші пайдаланған бұйым ба деген ойға келесің. Оған шөптен дәрілік тұнба жасап сақтаған болуы мүмкін. Сондай-ақ оның көлемінің кішілігіне және сыртының глазурьмен әсемделуіне қарай әйелдерге тән бұйым болуы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Орта ғасыр әйелдерінің иіс суларын жасап құюға немесе опа-далап салуға арналған құмырашасы болуы ықтимал.
Биіктігі 13 см, ернеуі бармақ сиярлықтай сопақша ғана көлемде, тұтқасы мен ернеуі сынған, қабырға қалыңдығы 7-9 мм, жасыл түсті келген құмыра өзге экспонаттардан ерек көрінді. Құмыраның түп бөлігіне бояу не глазурь жағылмаған, тұғырға кигізіп қойып боялғандай.
Сонау орта ғасырда глазурьлі жақпаны жасау технологиясын меңгеруде Ұлы Жібек жолының үлесі бар болғанға ұқсайды. Ойымызды музей қорына құмырамен бірге келген аты әлемге тараған қытай фарфоры селадон кесенің сынығы дәлелдегендей болады. Глазурьлі жақпа бояудың ғана емес, ыдыстың сапасының да сақталуына да зор үлесін тигізіп отыр. Глазурь құмды өте жоғары температурада қыздырып, қазіргі шынының бастапқы түрі, қоймалжың күйінде ыдыс сырты мен ішіне жағылып отырған.
Сонымен қатар, глазурь құрылыс саласында да кең етек алған. Қышқала ғимараттарының безендірілуі де Ахмет Яссауи кесенесінен кем түспейтінін айтады мамандар. Қыштағы оюлардан араб жазуларымен қатар, қазақы өрнектерді де көруге болады. Глазурленген күмбез сынықтары, түрлі түсті бояудың пайдаланылуы қаланың әсем келбетін айшықтай түседі.
Айта кетерлігі, «Қышқала» керамикалары өзінің композициялық құрылымы жағынан, ою-өрнектерінің күрделілігі, ерекшелігі жағынан назар аудартады. Қаншама ғасыр өтсе де, қазба барысында табылған ыдыстардағы бояулар өз сапасын жоймаған. Бояу түрлерінің бір-бірімен үйлесуі, әдемі нақышты өрнегі, жасалу сапасы берік. Ортағасырлық Қышқала алдағы уақытта да қызықты археологиялық олжаларымен қуантады деген сенімдеміз.
Ләззат Жалғасбайқызы,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!