Жұма, 27 желтоқсан, 00:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада жаңа жылу-электр орталығы салынуда

16.01.2024

960 0

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электр энергетикасын және электронды сауданы дамыту мәселелері қаралды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысына Қызылорда қаласындағы құны 215 млрд. теңге, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы туралы баяндады. Бұл туралы aqmeshit aptalygy.kz ақпарат агенттігі Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба. Бу-газ орталығын әлемдік тәжірибесі мол «Акса Энерджи» түрік компаниясы салуда. Бүгінгі күннің өзінде инвестор 70 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттады. Негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс берілген, осы жылдың мамыр айында құрылыс алаңына жеткізіледі. Әкімшілік ғимараттар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталып, жаңа жылу орталығы орналасатын жер дайындалуда.

Құрылыс алаңында 220-дан астам жұмысшы және 50 ауыр техника жұмыс жасауда. Жазда 800-ден астам жұмысшы жұмылдырылмақ. Орталыққа дейін газ құбырын жеткізудің жоба-сметалық құжаттамасы облыстық бюджет есебінен әзірленіп, қаржы қаралды, мердігер мекеме анықталды», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, нысанды 2025 жылдың тамыз айында іске қосу жоспарлануда.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте Нұрлыбек Машбекұлы жылу-электр орталығы құрылысына қажетті қосымша жер учаскесін рәсімдеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясына» Қызылорда қаласының электр жүйелерін жаңғыртуға 2024 жылға қаралған бюджет қаржысының тиімді игерілуін және жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы жүргізілуін қадағалау міндеті жүктелді. «КЕГОК» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы жоғары кернеулі электр желілеріндегі ажыратуды болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдауға, ал қала және аудан әкімдері желілердің тозу деңгейін төмендету бағытында жұмыстар атқаруға жауапты болмақ.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі әлемдік экономикалық өсудің жаңа драйвері саналатын электронды сауданы дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлерді оқыту қажеттігін атап өтті.

Бүгінде облыстағы өңдеу өнеркәсібі саласында 40-қа жуық экспорттаушы кәсіпорын жұмыс жасайды. Аймақта өндірілетін күріш және тұз өнімдері «Алибаба» интернет платформасы арқылы экспортқа ұсынылады. Күріш, ас тұзынан бөлек, цемент, шыны, уран және балық өнімдерінің өндірісі жолға қойылып, экспортталуда. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына электронды саудадағы экспорт көлемін арттыру үшін аталған кәсіпорындардың интернет-маркетплейстерге тіркелуін ұйымдастыру тапсырылды.

Сондай-ақ, жыл басынан бері іске қосылған электронды ақшаны жедел аударуға бағытталған жаңа төлем жүйесін кеңінен ақпараттандыру керек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: