Қай жерде туып-өстің сол жердің иісі де, шаңы да, желі де ерекше сезіледі. Мен үшін сондай мекен – Қызылорда. Басқа қалаға барсам да, Қызылорданың көшелері, самал желі, тіпті жаздың аптап ыстығы мен қыстың шаңы да жүрегіме жылы көрінеді. Қызылорда – тарихы тереңде жатқан қала. Сырдарияның жағасына орналасқан бұл жер бір кезде Қазақстанның астанасы да болған. Бірақ мен үшін ол жай ғана тарихи мекен емес. Ол балалықтың, алғаш мектепке барған күндерімнің, ауладағы ойындардың, қарапайым, бірақ жүрекке жақын адамдардың мекені. Қызылорданың адамдары бөлек. Қарапайым, ашық-жарқын, ақкөңіл. Бір-біріне амандық сұрасқанда ұзақ тоқтап, хал-жағдайыңды шынымен білгісі келіп тұрады. Осындай жылулықты үлкен қалалардан табу қиын. Жазда шаң көтеріліп, күн ысиды, бірақ кешкісін дария жағасында отырып, күннің батқанына қарап тыныстау жанға жайлылық. Ал қыста қар аз болса да, соның өзін балалар қуана күтіп алады. Өйткені бұл қалада аз дүниенің өзі бағалы. Иә, кейде жолдар шұрық-тесік, кейде су болмай қалады, бірақ осының бәрі – туған жеріңнің шындығы. Өйткені туған жерді жақсы көру деген – тек әдемі тұстарын емес, барлық кем-кетігімен қабылдай білу. Қай қалаға барсам да, жүрегімнің бір түкпірінде үнемі Қызылорда тұрады. Бір күні алыста жүрсем де, қайтып келетінімді, дарияның жағасына қарап тыныстайтынымды білем. Өйткені бұл қала – менің мекенім.
Ақгүл Қайырбек,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 1-студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!