Дүйсенбі, 23 ақпан, 19:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14 (2226)
21.02.2026
PDF мұрағаты

Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі: Конституциялық реформаны қолдау – ел болашағына жауапкершілік

23.02.2026

50 0

Фото: Қызылорда Облысы Қоғамдық Келісім

Қызылорда қаласындағы Достық үйі ғимаратының мәжіліс залында облыстық Аналар кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Басқосу алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясындағы конституциялық реформаларды қоғамда кеңінен талқылауға арналды.


Жиынды облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева жүргізіп, референдумның ел өміріндегі стратегиялық маңызын айқындап берді. Оның айтуынша, Конституциялық реформалар – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың, құқықтық мемлекетті нығайтудың және азаматтардың саяси белсенділігін арттырудың нақты тетігі.
Жиында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері кеңінен сөз болды. Жарты жыл бойы қоғам талқысына түскен жобаға азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығынан екі мыңнан астам ұсыныс түскені атап өтілді. Соның негізінде Ата заңның 77 бабына өзгеріс енгізіліп, мәтіннің 84 пайызы жаңартылған. Жаңа редакциядағы Конституция жобасы кіріспеден бөлек 11 бөлім, 96 баптан тұрады.
Әсіресе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақтылау, өмір сүру құқығын басты құндылық ретінде айқындау, мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Басқару жүйесіндегі өзгерістердің бірі – өкілді органның жаңа атауға ие болуы. Бұл – саяси жүйені ұлттық ерекшелікке сай жаңғыртуға бағытталған қадам ретінде бағаланды.
Отырысқа ғалымдар, ұстаздар, қоғам белсенділері, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың психолог мамандары, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Алғашқы баяндаманы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Құқықтану білім беру бағдарламасының жетекшісі, заң ғылымдарының магистрі Еркемай Саниязова жасап, конституциялық реформаның құқықтық негіздеріне жан-жақты тоқталды. Ол өзгерістердің билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қалалық мәслихат депутаты, заң ғылымдарының кандидаты Маржан Бисенова өз сөзінде референдум – халықтың еркін білдіретін тікелей демократия тетігі екенін айтып, жаңа нормалардың өңірлік деңгейдегі басқару жүйесіне ықпалын саралады.
Ал Deqdar-news.kz ақпараттық сайтының редакторы Үйтолған Жарекеева қоғамдағы ақпараттық кеңістіктің рөліне тоқталып, реформаларды түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі айрықша екенін жеткізді.
Пікір алмасу барысында этномәдени бірлестіктер өкілдері де өз көзқарастарын білдірді. «Славяне» орталығының төрағасы Галина Щербакова, Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Манзура Абдугафарова референдумды қолдайтындарын атап өтті.
Отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнар Сексенбаева Конституциядағы отбасы институтының орны мен құндылығына тоқталып, отбасы – қоғам тұрақтылығының негізі екенін айтты. Ал «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры Мартана Дәулетбаева тіл мәселесіне қатысты әлеуметтік желілердегі теріс пікірлерге сараптамалық шолу жасап, көпұлтты мемлекеттердегі тілдер теңдігі тәжірибесін мысалға келтірді.
Жиынды «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Дәулет Омаров қорытындылап, Ата заңның тарихи сабақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер – уақыт талабынан туындаған қажеттілік әрі елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық шешім.
Аналар кеңесінің алаңында айтылған пікірлер – азаматтық жауапкершіліктің, қоғамдық келісімнің және саяси мәдениеттің айқын көрінісі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: