Қызылорда облысында 21 жастағы жігіт 15 жасар жасөспірімді жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды. Ол кәмелетке толмаған жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Алайда ата-аналары сот үкіміне шағымданып, екі жастың қосылуына қарсы емес екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылорда облысында ата-аналарының рұқсатымен 21 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыз молдаға некесін қидырған. Ата-аналары Нұртілеу мен Аяланың үйлену тойын да өткізіпті. Кейін 15 жастағы Аяла жүкті болып, дәрігерге көрінген. Емханадағылар бұл ақпаратты полицейлерге жеткізді.
«Бала түсіп қалатын қаупі бар деген соң УЗИ-ге түсірдік. Бір аптадан кейін полицияға шақырды. Содан тергеу басталды. Үш ай баламды тергеді. Мынау әншілердің қызы кетіп жатыр ғой. Оларға заң жоқ та, бізге келгенде заң бар ма? Баламды педофил қылып көрсетіп, 12 жылға соттап жіберді», – деді сотталушының анасы Гүлбану Әшірбаева.
Сотқа 15 жастағы Аяла жәбірленуші ретінде қатысқан. Бірақ Аяла Жүрсін әлі күнге дейін күйеуінің үйінде тұрып, келіндік міндетін атқарып жүр. Ол сотта өз еркімен тұрмысқа шыққанын айтыпты. Сонда да судья мен құзырлы орган өкілдері жігітті кінәлі деп таныды.
«Мен бұл үкімге келіспеймін, күйеуімді босатып беріңіздер дедім. 15 жастан үйленіп жатқандар көп қой. Солар бақытты болуға лайық та, біз неге бақытты болуға лайық емеспіз деген сұрақ бар. Не үшін менің күйеуім жазықсыздан жазықсыз түрмеде отыр?», – деді 15 жастағы Аяла Жүрсін.
Үкім былтыр қарашада шыққан. Бұл іс жабық түрде қаралған екен.
«Нұртілеу Ибрагимов Қылмыстық кодекстің 122-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау» бойынша кінәлі деп танылсын. Оны педогогикалық лауазымдардан және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуден өмір бойы айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп мәлімдеді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Аппеляциялық сотта да 21 жастағы жігіттің жақындарының шағымы қанағаттандырусыз қалған. Ата-аналар енді жоғары сотқа жүгінбек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!