Бүгін Қызылорда облысында еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқан аясында дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде басталды. Өңір бойынша 351 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, тұрғындарды қабылдауға кірісті.
Дауыс беру барысының ашықтығы мен заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету мақсатында учаскелерде «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының 2106 мүшесі бақылау жүргізуде. Олар дауыс беру процесінің талаптарға сәйкес өтуін қадағалап, азаматтардың өз таңдауларын еркін білдіруіне жағдай жасалуда.
Таңсәріден бастап өңір тұрғындары белсенділік танытып, учаскелерге келіп дауыс беруде. Көптеген учаскелер маңында мерекелік көңіл күй қалыптасып, спорттық сайыстар мен мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар әжелер ансамбльдері өнер көрсетіп, жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашуда.
Дауыс беру орындарына спортшылар, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, түрлі еңбек ұжымдарының өкілдері келіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағына қатысты таңдауларын жасауда. Алғашқылардың бірі болып келген тұрғындарға бірқатар учаскелерде арнайы сыйлықтар табысталып, бұл бастама халықтың белсенділігін арттыруға ықпал етуде.
Жалпы, өңірде дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, заң талаптарына толық сәйкес өтуде. Қоғамдық бақылаушылардың мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмеген.
Сыр жұртшылығы осылайша ел тағдырына бейжай қарамай, бірлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір дауыс – елдің ертеңіне деген сенім мен жарқын болашаққа бағытталған маңызды қадам.
Жандос Тұсмағамбетов
«Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры, «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының Қызылорда облысы бойынша жетекшісі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
