Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы», – деп атап өткен болатын.
Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.
Осы бағытта Сыр өңірінде Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен білім беру саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асырылуда.
Соңғы үш жылда Қызылорда облысының білім саласына 812 млрд 245 млн теңге, ал биыл 346 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінді. Өткен жылы 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымы пайдалануға берілді.
«Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 54 млрд 391 млн теңгеге 6 900 оқушыға арналған 10 мектептің құрылысы жоспарланған болатын.

Биылғы жылы Қызылорда облысы республика бойынша Президент тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап, жоспарланған барлық 10 мектептің құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне тапсырылды.
Бүгінде аталған мектептердің 5-еуі Қызылорда қаласында, 2-еуі Арал ауданында, 1-еуі Қазалы ауданында, 2-еуі Жаңақорған ауданында табысты жұмыс жасауда.
Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап 5 млрд. 700 млн. теңгеге 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Нәтижесінде өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Осылайша, «Келешек мектептері» жобасының Қызылорда облысында толық жүзеге асырылуы өңірдегі білім инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
